Республикалық маңызы бар «Кеген-Нарынқол» автомобиль жолының жалпы ұзындығы 89 шақырымды құрайды.
Кеген, Райымбек ауданының тұрғындары қысы-жазы жол азабын тартып келе жатқанын айтып отыр. Олар жауапты мекемелерден тас жолдың тақтайдай тегіс төселуін талап етті. Әсіресе, ауыр жүк көлігін тізгіндеген кәсіпкерлер мен такси жүргізушілері жауапты мекемелердің өзі осы жолмен күнделікті қатынап көруін ұсынды. Жергілікті тұрғындар нашар жолдан кейін көліктері жиі бұзылатынын, тапқан табысының көбі темір тұлпарын жөндетуге кететінін айтты, — деп хабарлайды qazaq.today сайты Azattyq Ruhy тілшісіне сілтеме жасап.
«Кеген, Райымбек аудандарының жол жағдайы өте нашар. Қазір бұл жолмен жүру мүмкін емес, шұрық тесік. Күреп тастағанына бір жылдан аса уақыт болды. Әлі сол қалпы тұр. Бұл жол сонда қашан жасалынады? Осы жолда сынып жатқан, жол апатына түскен көліктер қаншама?!.. Жол азабынан соң көлігімізді жөндеуге ай сайын кем дегенде 70 мың теңге жұмсаймыз. Жолға жауаптылар қайда өзі?!» — деді Райымбек ауданының тұрғыны Ермек Қабылбеков.
Алматы облысы Райымбек ауданының тұрғыны Тұрсынфат Садинұлы бір топ жүргізушінің базынасын жеткізе отырып, жауаптылардың өзі Нарынқол мен Алматы бағытымен жүріп, баға беруін ұсынды.
«Қыста да, жазда да жүрген көліктер жолда қалады. Тас жолмен емес, құдды бір егістік алқабында жүргендейміз, шаңға көміліп қаламыз. Нәпақасын такси жүргізушісі болып тауып жүрген жігіттер бар, бәрі де осы жолдан әбден қиналып бітті. Бұл жолға жауаптылар проблеманы білмейтін де сияқты, бәрі ұшақпен үстімізден қарап өтіп кететіндей. Келсін, жүрсін, өздері де жағдайды көрсін. Жол деген қырық жамау. Бұл не масқара?!..» — дейді Райымбек ауданының тұрғыны Тұрсын Ильфат.
Ал «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ «Алматы-Кеген-Нарынқол» жолы орташа жөндеуден 2023 жылы өтетінін хабарлады. Жолды күтіп ұстауға «Қазақавтодор» ЖШС жауапты екенін де жеткізді.
«Республикалық маңызы бар «Кеген-Нарынқол» автомобиль жолының жалпы ұзындығы 89 шақырымды құрайды, III техникалық санатқа жатады.
1970 жылы салынған бұл жол Алматы облысындағы Кеген және Райымбек аудандары арқылы өтеді.
0-89 шақырымдары аралығында орташа жөндеу жұмысы 2016-2017 жылдары жүргізілді. Қазір 0-35 шақырымдарына іргелес елді мекен тұрғындарынан жолдағы ақаулар бойынша бірқатар шағым түсті.
Осы орайда 2023 жылы орташа жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланып отыр. Орташа жөндеу жұмысы жүргізілген кезде ресайлдеу («ресайклирование») әдісі қолданбақ. Жолды күтіп-ұстаумен «Қазақавтодор» ЖШС мердігер ұйымы айналысады. Биыл 9000 шаршы метр шұңқыр жөнделіп, жол белгілері, сигнал бағаналарын ауыстыру және т.б. жұмыс жүргізілді», — деп мәлімдеді «ҚазАвтоЖол»ҰК» АҚ баспасөз қызметі.