Фото: parlam.kz
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы «Жастар практикасына» қатысушылардың айлық жалақысын 30 АЕК-тен 40 АЕК-ке, ауылдық жерлерде 45 АЕК-ке дейін көбейту керек деп санайды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Депутат осы мәселеге қатысты сауалын Үкіметке жолдады.
«Жастар практикасы» бағдарламасына 2024 жылы 33 300 жас қазақстандық қатысқан. Бағдарлама тәртібіне сәйкес олардың әрқайсысына айына 117 960 теңге төленді. Соған қарамастан тек 7400 жас азамат қана жұмысқа орналасыпты, — деді ол.
Қазір елімізде 5,7 миллион жас азамат бар, соның 3,7 миллионы еңбекке қабілетті. Еңбек министрлігі 2024 жылы жастарды жұмыспен қамтуға арналған бағдарламалар арқылы 236 037 жас қазақстандықты қызметке тұрғыздық деп есеп берді.
Бірақ былтыр тек 203 607 жас азамат қана зейнетақы қорына аударым жасаған. Қалған 33 мың жастың әлеуметтік төлемдері қайда? Расында олар жұмысқа тұрды ма, жоқ па? Әлде жастар жалған статистиканың құрбанына айналды ма? Немесе мемлекеттік бағдарлама арқылы жастарды әлеуметтік аударымдар жасалмайтын күмәнді жұмысқа тұрғызды ма жауапты органдар? Мұның барлығы Жоғары аудиторлық палатының есебімен дәлелденген деректер, — деп айтты Нартай Аралбайұлы.
Ол тағы бір мысал келтірді, «Мәңгілік ел жастары — индустрияға» бағдарламасына қатысқан 1 415түлектің 471-і ғана жұмысқа орналасқан. Ал түлектерді өңірлерге бөлу оларды жұмыспен қамту орталықтарына тіркеумен аяқталған.
Ол мынадай ұсыныс жасады:
1. Қазақстандағы жұмыссыздардың санын есептеу методикасын қайтадан жасау қажет.
2. Халықты жұмыспен қамтуға арналған бағдарламаларға жұмсалған қаражатқа толық тексеру өткізу керек.
3. Кәсіпкерлікке ынталы жастарға микрокредит беруге арналған бағдарламаны қайтадан іске қосып,микрокредит алу үшін кепілдік құнын қайта қарау керек, себебі ауылдық жерлерде жылжымайтын мүлік кепіл ретінде жарамсыз болып қалады.
4. Жұмыс берушілерге «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасқан жас мамандарды тұрақты жұмысқа қабылдауды міндеттеу қажет;
5. «Жастар практикасына» қатысушылардың айлық жалақысын 30 АЕК-тен 40 АЕК-ке, ауылдық жерлерде 45 АЕК-ке дейін көбейту керек; 6. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен жұмысқа орналасу кезінде «Жасыл ел» сынды маусымдық жұмыстардан немесе қызмет көрсету саласындағы жұмыстардан зейнетақы қорына түскенқаражатты есепке алмау қажет.