«Нағыз бабында тұрған шағы еді»: Ғалым Назарбаевтың Өзбекәлі Жәнібековты қалай шеттеткенін айтып күйінді (ВИДЕО)

Әдебиет сыншысы, ғалым, «Жазушылар одағының» хатшысы Құлбек Ергөбек «Qasqa Jol» YouTube арнасында қонақта болып, Өзбекәлі Жәнібекпен байланысты көп дерекпен бөлісті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

90-жылдары жоғары биліктегілер компартиядан шығып Тәуелсіз Қазақстан билігіне орныққанда Өзбекәлі Жәнібектің не себепті шеттеп қалғаны туралы мәлімет аз. Бұл туралы басылымдар түрлі ақпар жазған. Өзбекәліні Қонаев қолдамады, Колбин тұсында қызметі өсті, Назарбаев тұсында тәуелсіз елдің тәуелді депутаты болуға қорықты, ноқтаға басы сыймады, ақ қарға болған кездері көп, дейді сол кездегі газеттер оның себебін түсіндіруге тырысып. Ал, Құлбек Ергөбек бұл сұраққа төмендегідей жауап берді.

«1991 жылы Өзбекәлі Жәнібек Орталық комитеттің хатшысы болды. Нағыз бабында тұрған шағы еді. Сол жылы Назарбаев Қазақстан Коммунистік партиясын таратты. Ол тарағаннан кейін Өзбекәлі Жәнібек 60 жасында зейнеткерлікке кетті. Заң бойынша барлығы дұрыс. Бірақ Өзбекәлі Жәнібек 60 жасында тепсе темір үзетін, идеолог ретінде әбден кемеліне келген еді. Кеңестік кезеңде де ұлтжандылықтан таймаған адам. Назарбаев өзінің ұстазына Тәуелсіз Қазақстанның жаңа міндеттерін атқаруға мүмкіндік беруі керек еді. Бұл менің ішімдегі бір өкінішім. Аға қылмаса да, қанаттас қайраткер қылып ұстасын», — деді бағдарлама қонағы.

Әдебиет сыншысы Назарбаевтың бұлай істеуіне не себеп болғанына да тоқтала кетті.

«Тәуелсіздік туындап келген кезде елді дамыту тұрғысында екеуінің көқарасы екі түрлі болды. Өзбекәлі Жәнібек ауылды сақтағысы келді. «Ел боламыз десек, ауылды күйретпеуіміз керек. Ауылды күйретпеу үшін ауылшаруашылығын бабында ұстауымыз керек», деген позицияда болатын. Мұны ол Нұрекеңе де айтқан болуы керек. Нұрекең экономика жағына көшіп кетті. Ауылшаруашылығының бәрін жекешелендірді. Совхоз басшылығының қолына көп дүние өтуі керек болды. Міне, осындай солақайлықтар орын алды. Қысқасы бір қойды бір бөлке нанға айырбастайтын заман келді. Қазақтың сеніп отырған шаруашылығы тас-талқан болды. Осыны Өзбекәлі Жәнібек көтере алмады. Ол өзінің кітабында Нұрекеңе қатты айтқанын жазған. Қатты айтқаны соншалық іште отырған хатшылар есіктен шыға қашып кеткен. Әңгіменің қандай тонда болғанын осыдан-ақ байқай беруге болады», — деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Құлбек Ергөбек Өзбекәлі Жәнібектің қол астында жұмыс істеп, өмірінің соңында жанында болған.