«Медеу» мұз айдынында қысқы сырғанау маусымы ашылды

«Медеуде» коньки тебу алматылықтар мен қала қонақтар үшін ұмытылмас әсер қалдырады, жаңынды сергітеді.

Ашылуға бір сағат қалғанда-ақ, есік маңында балалар мен ересектердің ұзын-сонар кезегі пайда болды. Қала әкімшілігі алғашқы келушілер үшін ашылу салтанатты түрде мерекелік шара  ұйымдастырды.

«Алматылықтардың, тұрақты келушілердің пікірі мен өтінішін ескердік. Іс-шараларды ұйымдастыруға жауапты барлық қызмет мұз айдынын толық дайындап үлгерді, қажетті инфрақұрылым толығымен дайын, қала тұрғындарының уақытын осында өткізетініне қуаныштымыз», – деді спорт нысандары дирекциясының өкілі Олжас Ершеев.

Санаулы минутта күш-қуат алып, уақытын пайдалы өткізуге асыққан адамдар айдынға лық толды. Сонымен қатар, келушілер үшін қазақстандық эстрада жұлдыздарының концерті ұйымдастырылды. Жаңа маусымда қонақтарды күнделікті жаппай сырғанау, мерекелік іс-шаралар және спорттық жарыстар күтеді. Келушілер конькиді жалға алып, демалыс аймағын пайдалана алады. Қонақтардың ыңғайы үшін мұз айдыны аумағында жылдам тамақтану орындары да тұрақты түрде жұмыс істейді.

Еске салайық, «Медеу» мұз айдыны бір күнде 9 мыңға дейін әуесқой сырғанаушыларды қабылдай алады. Медеу спорт кешені — жасанды мұз айдыны бар дүние жүзіндегі ең ірі спорт кешені. Алматы қаласынан 18 км жерде, Кіші Алматы шатқалында теңіз деңгейінен 1691,2 метр биіктікте орналасқан.

«Медеу» спорт кешені 1972 жылы тұрғызылды. Медеу мұз айдынында спринтерлік және классик. көпсайыстан, т.б. спорт түрлерінен әртүрлі халықаралық жарыстар өткізіліп келеді. Әлемдік және ұлттық рекордтар жасалды.

«Медеу» спорт кешені – тек спорт жарыстары үшін ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары мен қала қонақтарының әсем табиғат аясында демалатын орны.

56