Мьянмадағы жойқын жер сілкінісі: 700-ге жуық адам қаза тапты

2025 жылғы 28 наурызда Мьянмада болған жойқын жер сілкіністері әлем назарын аударды. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, магнитудасы 7,7 және 6,4 болатын қос сілкініс Мьянманың орталық бөлігінде тіркеліп, салдарынан кемінде 694 адам қаза тауып, 1670-тен астам адам зардап шекті.
Бұл туралы Qazaq.today ақпарат агенттігі хабарлайды.


Эпицентрі – Сагайн: орталық Мьянма жермен-жексен болды

Алғашқы сілкініс Сагайн қаласынан солтүстік-батысқа қарай 16 шақырым жерде, 10 шақырым тереңдікте тіркелген. Арада 12 минут өткен соң екінші жер сілкінісі орын алды. Зілзаланың күші Мьянма астанасы Нейпьидоға дейін жетіп, көрші Қытай мен Таиландта да сезілген.

Мандалай қаласында, яғни елдегі екінші ірі мегаполисте, көптеген ғимараттар қирап, ауруханалар мен қоғамдық нысандар бүлінген. Спаскерлердің айтуынша, «қалада көмекке мұқтаждар саны артып, дәрігерлер мен медбикелер жетіспей жатыр».


Мандалай тұрғындарының жанайқайы

Жергілікті тұрғындар зілзала кезінде көрген сұмдықтарын көз жасымен жеткізуде. Бір тұрғын:

«Бүкіл үй көз алдымда құлап түсті. Тыныс ала алмадым, бірақ айқайлап, көмекке шақыра алдым. Мені туыстарым құтқарып үлгерді, бірақ дәл сол кезде екінші сілкініс болып, жүгіріп бара жатқан ғимарат та опырылып түсті», – дейді.

Оның айтуынша, жеті адамнан тек екеуі тірі қалған. Қалғаны – әжесі, әпкесі мен ағасы – әлі күнге дейін үйінді астында қалып отыр.


Таиланд: Бангкокта аспанмен таласқан ғимараттар құлады

Зілзаланың дүмпулері Таиланд астанасы Бангкокта да күшті сезілген. Қалада Чатучак паркінде салынып жатқан биік ғимарат опырылып түсіп, жүзден аса құрылысшы үйінді астында қалуы мүмкін. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оқиға кезінде нысанда 400-ге жуық адам болған.

Премьер-министр Пэтонгтарн Чинават Бангкокты төтенше жағдай аймағы деп жариялады. Қала губернаторының айтуынша, көптеген көпқабатты ғимараттар бүлініп, қазір нақты зардап шеккендердің саны анықталып жатыр.


Қытайдың оңтүстігі де зардап шекті

Жер сілкінісінің әсері Қытайдың Юньнань және Гуанси провинцияларында да сезілді. Қытай ақпарат агенттігі “Синьхуа” Мьянмамен шекаралас аймақтарда толқындардың тіркелгенін растады.


Халықаралық қолдау мен төтенше жағдай

Мьянмадағы әскери хунта Сагайн, Мандалай, Бого және Магуэй өңірлерінде, сондай-ақ Нейпьидо мен Шан штатының шығысында төтенше жағдай режимін енгізді. Хунта басшысы Мин Аун Хлайн халықаралық қауымдастықтан көмек сұрап, “барлық жолдар ашық” екенін мәлімдеді.

АҚШ, Еуроодақ, АСЕАН, Қытай және Ресей елдері гуманитарлық көмек пен құтқару топтарын жіберетінін хабарлады.


Жаһандық зілзала, ортақ қайғы

Мьянмадағы зілзала – соңғы жылдардағы ең ауыр табиғи апаттардың бірі. Қирандылар астында қалған адамдарды құтқару әлі жалғасуда. Бұл апат бір елдің ғана емес, бүкіл әлемнің қайғысы ретінде қабылдануда. Ендігі басты мақсат – аман қалғандарға көмек көрсету және қаза тапқандардың отбасыларына қолдау білдіру.