Мьянмада құлдықта болған Қазақстан азаматы Қыран Манапұлы табылды. Ол 12 мамыр күні Алматыға ұшып келеді, деп хабарлайды Qazaq.today Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап. Редакцияға бұл ақпаратты Қыранның туыстары хабарлаған.
«Бауырым Қыран табылды. Мьянмадан Тайландқа жеткізілді. 12 мамырда таңертең сағат таңғы бесте Алматыға жетеді. Сіздерге көп рақмет», — деді Қыранның әпкесі Гүлия.
Бұған дейін Таиландқа жұмыс іздеп барып құлдыққа түскен жерлестеріміз туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеген.
Смадияровтың сөзінше, бес жігіт құлдықтан қашып шыққан, алайда біреуі компания жұмысшыларына ұсталып қалған.
“Компанияның қызметшілерімен байланыс орнаттық. Бірақ олар әлі дұрыс жауап бермеді. Компания бір азаматқа 6 млн теңге сұраған. Жігіттер ондай ақша болмаған соң, қашқан. Олар IT компаниясында жұмыс істеуге барған”,- деді Смадияров.
Qazaq.today