Фото: ашық дереккөз
Қызылорда қаласында мектеп оқушылары сыныптастарын секс-құлдықта ұстаған. Бір топ жасөспірім 16 жастағы қызды қинап ұстаған, есірткі беріп, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Жаға ұстатар жайтты НеМолчи қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі жайып салды, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі.
Белсендіге жағдайды оқушы қыздың ата-анасы айтқан. Ал қыздың секс- құлдықта жүргенін оның досы анықтаған.
«Ол қыз – үйдің жалғыз баласы. Ақпан айынан бері үйге келмеуді шығарған. Әке-шешесі полицияға хабар береді, бірақ полиция қызды іздеудің орнына ата-ана құқығынан айырамыз деп қорқытумен айналысқан. Шарасыз әке мен шеше қызын өздері іздеген. Қыз анда-санда байланысқа шығып тұрған. Бірде «кафеде даяшы болып жүрмін», бірде «гүл дүкенінде сатушы болып істеп жүрмін» деп видео жіберіп отырған. Әке-шешесі сол мекен-жайға барса, қыз жоқ болады. Қызды қинап ұстағандардан ата-анасы шу көтермесін деп осылай істеуге мәжбүрлеген», – деп жазды НеМолчи қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі.
Оның сөзінше, мектеп оқушылары «айтып қойсаң, Астанадағы «көкелерімізге айтып әке-шешеңді өлтіртеміз» деп қызды қорқытқан. Сондықтан ол ешкімге өзінің басындағы жағдайды тікелей айта алмаған. Тек кезекті рет ақша бопсалағанда ғана жағдайды досына мәлімдеуге мәжбүр болған.
Қоғам белсендісі көмек сұраған ата-ананың хаттарын да жариялады. Онда зорлықшыл топтың Астанада лауазымды қызметте туыстары бар екені де жазылған.
Белсендінің мәлімдеуінше, оқушы қыз балаға сыныптастарының қинап есірткі беріп, зорлап жүргенін мектеп директоры, мұғалімдері, учаскелік полиция да білген. Бірақ бәрі бірауыздан үн шығармай отырған, ешқандай шара да қолданбаған.
«Кеше бәрі белгілі болды, сыныптастары қыздан ірі көлемде ақша бопсалаған, әкелмесе шашын, қасын қырып тастайтындарын айтқан. Қыз досынан ақша сұраған. Досы қыздың әке-шешесіне болып жатқан сұмдықты айтып берген», – деді қоғам белсендісі Дина Таңсәрі.
Дина Таңсәрінің сөзінше, сыныптастары қызды азаптаған, тұншықтырған, қинап мефедрон ішкізген, пакетті ерітіп денесіне басқан, қорлаған, жезөкшелікпен айналысатындардың сайтына тіркеген, жезөкшелікпен айналыстырған, ақшасын тартып алып отырған.
Сайт тілшісі облыстық әкімдікке хабарласты. Олар басқармаға сілтеді. Ал Қызылорда облыстық Білім басқармасы тергеу амалдары жүріп жатқанын растады. Басқа мәліметтерді беруден бас тартты.