Мұғалімдердің 80 пайызы қарындастарым: директорды орнынан алуға аудан неге қауқарсыз

Түркістан облысы Төле би ауданындағы Ханарық жалпы орта білім беретін мектептің директоры 14 жыл бойы мектепке туыстарын ғана жұмысқа алған. Ал жұмысқа тек туыстарын алатын директорды аудандық білім бөлімі орнынан алуға қауқарсыз, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі ontustiktv.kz телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның таратқан ақпаратында, директор ұзақ жылдар бойы  жұмысқа тек туыстарын алған және елдегі ротациядан да сытылып кеткен. Ауыл халқы мектептің бас мұғаліміне қарсы шығып отыр.

Мектеп директоры Юсупжан Қорғанбаев мектепте қарындастарының жұмыс істейтінін растаған.

«Жұмысқа мен директор болмай тұрып кірген қарындастарым бар. Менің мектеп директоры болғаныма 14 жыл болды. Қазіргі мұғалімдердің 80 пайызы менің қарындастарым», — дейді телеарнаға берген сұхбатында мектеп директоры.  

Телеарнаның ақпаратына сүйенсек, Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы Бекайдар Тойлыбаев жағдайды біледі. Олар күрделенген мәселені шешудің жолын қарастырып жатыр. Бірақ жұмысқа тек туыстарын алған директорды қызметтен босатуға аудандық білім бөлімі әзірге қауқарсыз.

38