«Өмірдің мәні де, тіршіліктің сәні де – сіздер!»: Президент аруларды көктем мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын басталды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 
«Бүгін мен баршаңызды көктем мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрамды шын мәнінде сұлулықтың көрінісі деуге болады. Себебі әйел жаны қашанда әдемілікке жақын.

Аруларымыз әлемге сүйіспеншілікпен қарап, жан-жағына жақсылық шарапатын сыйлап жүреді. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бекер айтылмаған.

Әйел – шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы. Ана – тіршілік пен берекенің бастауы, адамзат бойындағы бар ізгіліктің қайнар көзі. Ананың аялы алақаны мен шексіз мейірімі әр үйге жылылық береді. Салт-дәстүріміз бен ана тіліміздің бүгінгі күнге жетуі де – ең алдымен, аналардың арқасы.

Өмірдің мәні де, тіршіліктің сәні де – сіздер! Сондықтан бүгінгі мейрамда барша ер-азаматтар өздеріңізге ақ тілегін арнап, ықылас-ілтипатын білдіріп жатыр. Солардың ішінде мен де Мемлекет басшысы ретінде әйелдерге тілегімді, лебізімді айтып тұрмын», — деді Президент құттықтауында.