Министрлік мектеп бітіру кештеріне қатысты пікір білдірді

Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы мектеп бітіру кештері кезіндегі рейдтік бақылау мәселелері туралы сауалға жауап берді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Қандай да бір іс-шара мектеп ішінде не сыртында өтсе де, ең алдымен ата-аналар мен үлкендердің жауапкершілігі қажет. Бұл – балалардың амандығы үшін маңызды. Оқу жылының аяқталуы – ерекше сәт. Осы кезең оқушылар үшін мұғалімдерге, ата-аналарға және Отанына алғыс білдіру күні ретінде есте қалғаны дұрыс», – деді ол.

Оның айтуынша, жауапкершілік тек мектеп әкімшілігіне немесе ұстаздарға ғана емес, ата-аналарға да бірдей жүктеледі.

«Қазіргі таңда министрлік жергілікті басқару органдарымен бірлесіп әрекет етіп жатыр. Егер құқықбұзушылық фактілері бойынша нақты ақпарат түссе, заң аясында тиісті шаралар қабылданады. Жалпы, ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Ең бастысы — алдын алу», – деді Мереке Амангелдіқызы.