Фото: Марат Омаровтың жеке мұрағаты
Әнші Марат Омаров осыдан екі жыл бұрын жаңа отбасымен бірге АҚШ-қа қоныс аударған. Бүгінде Лос-Анджелес штатында тұрып жатқан өнер иесі ағылшынша ән айтуға да жарап қалған. Ол өзін Голливудтты бағындырып жатырмын деп санайды. Қазақ-ағылшын тілінде кезек әндетіп жүрген Омаров фильмдерге де шақырту алып, қылмыскерлердің рөлін сомдапты. Ол құрлық асқан қазақ байларының тойына шығатынын да жасырмады. Американың 20 штатында әндерін орындап шыққан Марат Омаровпен Qazaq.today тілшісі тілдесті.
— Марат аға АҚШ-қа көшкелі шығармашылығыңызда қандай өзгерістер болып жатыр?
Америка менің екінші тынысымды ашты. Мұхиттың ар жағына кеткелі менде көп өзгерістер болып жатыр. Мен сияқты шығармашылық адамдары үшін күнде ән шығарып, ән жазу бақыт қой. Еліміздің егемендігіне 30 жыл толған кезде 2021 жылы мен АҚШ –тағы қазақтардың, елшілік өкілдерінің шақыруымен Америкаға концерт қоюға келгенмін. 16 желтоқсан күні Нью-Йорк қаласында концерт беріп сол жерде қазақтың туын желбіреттік. Сол 2021 жылдан бастап маған АҚШ-тағы қазақтар мен елшіліктің өкілдері Американың штаттарына концерт беріп тұруға ұсыныс жасады. Себебі, мұндағы қазақтар елін, жерін, ата-аналарын сағынады. Репертуарымда ана, әке, Отан туралы әндер өте көп болған соң қолқа салғандар болды. Мен ұсынысқа келісе кеттім. Келген кезде қызым Бибімариям, әйелім Перизатты да ала келдім. Бұл менің Америкаға төртінші рет келуім. Оның алдында Бибімариям қызым конкурсқа қатысқан кезде тағы бір келіп кеткенмін. Нью-Йоркта көк туды желбіретіп концерт қойғаннан кейін Чикаго, Лос-Анджелес, Бостан, Хьюстон, Орландо деп концерт жалғаса берді. Сөйтіп 20 штатты аралап концерт беріп шықтым. АҚШ-тағы әр штаттың қазақтарын көріп, олардың бастарын қосып, олардың өз тіліміздегі әндерді ұмытпауға, ауызбіршілігіміздің бекем болуына менің шығармашылығым көп септігін тигізді. Өнеріме басқа ұлт өкілдері де қызыға бастаған соң, әндерімді ағылшын, испан тілдеріне аударайын деген мақсат қойдым. Әндерім басқа ұлттарға қатты ұнады. Олар әндерімнің не туралы айтылып жатқанын түсінбегендіктен, аударуға бел будым. Олармен шығармашылық байланыста колобарация жасайын деп біраз ағылшынша аударып, шырқап жүрмін.
— Лос-Анджелесте тұрады екенсіз. Голливудтта киноға да түстім деп қалдыңыз. Тілді толық меңгермей жатып Голливудтың киноларына түсуге де кірісіп кетіпсіз..
Адам нені армандаса соған жетеді екен ғой. Кішкентай күнімнен Мэл Гибсонның “Жалынды жүрек” фильмін көріп, тамсанып жүретінмін. Өзім шығармашылықтың адамы болғандықтан, Америкалық киноларға көп қызықтым. Осында келген кезде, қызым Нью-Йорк фильм академиясына оқуға түсті. Қызым кинорежиссер, сценарист мамандығын меңгеріп жатқан соң, оны фильм түсіріліп жатқан алаңға апарып жүрдім. Сол кезде мені көрген режиссерлер испанец немесе мексикандық деп ойлап қалса керек, мені кастингке шақыратын болды. Сол кастингтен өтіп, келімсектер туралы “Баледа” деген фильмге түстім. Ол экш-фильм қылмыскерлер туралы болды. Содан мен оларға сұрақ қойдым “мені кинода ата ма ” деп, олар айтады “қайта сіз оларды атасыз” деп. Мен «атпай-ақ ұрсам бола ма?» деп едім, режиссерлар оған да көніп, мені жабайы орманның ішіне апарып киноға түсірді. Сөйтіп кинодағы мансабым басталды. Одан кейін “Лос-Анджелестегі той”, “Холлидей Голливуд”, сосын өзіміздің қазақтар түсірген “Красавчик” деген фильмге түстім. Одан бөлек Ая деген қазақ қызының түсіріп жатқан бір фильмінде ағылшын тіліндегі сценарий бойынша әкенің рөлін ойнадым. Сондай-ақ, автобиографиялық “Моя история в Голливуде” деген фильмдерге түсіп жатырмын. Азиялық фестивальдерге де көп қатысып жүрмін.
— Өнер адамдарына берілетін құжатыңызды алдыңыз ба ?
АҚШ-қа келген бетте грин-картаға тапсырыс бердік. Талант визасына да оның ішінде жұмыс істеуге, көлік айдауға рұхсаттың бәрін алдық. Көптеген байқауларда жеңімпаз атанып, атақты болғандықтан енді сол грин-картамыз да құжатымызды да жақын арада дайын болып қалады. Сол құжатымды алған соң, Қазақстанға барамыз деген жоспар бар. Жалпы Американың азаматтығын алу жоспарымда жоқ.
— АҚШ-та концерт өткізуден қанша табыс тауып үлгердіңіз және мұнда өнерді қалай бағалайды екен? Тойға да шығып тұрады екенсіз…
Тойға шығып тұрам, шақырады осы жақтағы жағдайы бар қазақтар. Жуырда Сиэтлде тұратын қазақтардың тойына бардым шақыртумен. Тамада да болам, ән айтуға да шақырту алам. Өзің осы жақтағы байларды біледі екенсің, телефон номерлерін берші. Тойдан қанша алатынымды, табатынымды айтпайын. АҚШ-та концерт қойып ақша табу мақсатым емес. Мен материалдықтан гөрі рухани жағына көбірек мән беремін. Менің концерттеріме елдер келіп, қолдарын шапалақтап жатса сол маған байлық. Мен талай концерттерден ақша таптым. Бірақ қанша ақша табатыным құпия болып қалсын. Алайда Америкада жақсы қаржы табу үшін арнайы агенттікпен жұмыс істеуің керек. Соған сай ағылшынша әндер көп болу керек. Бірнеше лейблдерімді жіберіп қойдым.
Әзірге көп ақша тауып жатырмын деп айта алмаймын. Ең ірі концертім жуырда Лос-Анджелесте болды. Голливудтың төрінде өтті. Концертімде әнімнің біразын югаслав, орыс, испан, ағылшын, қазақ тілінде орындауға мәжбүр болдым. Көп нәсілді ұлт болған соң, амал жоқ тілді бұрауға тура келді. Кезінде Қазақстанда 40 жыл еңбек етіп, “Әнші балапан” конкурсына талай ән жаздым. Мәселен менің “Әнші балапан” деген әндерімді, әлі күнге дейін Мадина Садуақасова, Әлішер Кәрімовтар орындап жұлдыз болды. Менің “Алғашқы махаббат ” деген әнім Мейрамбек Беспаевтің бағын ашты. Нұрлан Өнербаевқа да “Әке”, “Ана” туралы әндерімді гитарамен өзім үйреттім. Америкада да біраз шәкірт тәрбиелап жатырмын. Солар да менің Голливудтағы концертіме қатысты. Әсіресе Қазақстаннан Америкаға қоныс аударған Ричард деген қара бала бар. Сол екеуіміз “Холлоу Америка” деген ағылшынша әндер айтып жүрміз. Ал қызым осы жақта би мектебін ашты. Оның дайындаған шәкірттері менің концертімде би билеп берді.
— Қазіргі күрделі саяси жағдайды естіп жатырсыз. Трамп билікке келгелі мигранттарды қайтаруға кірісті. Осында жүрген қазақтардың арасында толқу, алаңдау туған жоқ па?
Трамптың бейбітшілікке, тыныштыққа шақырғаны ұнайды. Трамп мені сол идеясымен шабыттандырып жатыр. Соған сай менде де Қазақстан мен АҚШ арасындағы достықты жырлайтын әндерім көп. Екі елдің арасын жалғайтын Әнұрандар жазып жатырмын. Дегенмен АҚШ сандық салаларда, экономика, мәдени жағынан алдыға жылжып кеткен ел. Әсіресе еліміздегі жастарға көп білім алу керек. Мен жас кезімде ертерек келгенімде біраз нәрсе жасайтын едім.
— Қазы-қартаны сағындыңыз ба?
Қазы қарта Америкада да бар. Жал-жаяның бәрін Қазақстаннан келетіндер әкеліп тұрады. Әншілер жиі келеді, киноға түсуге де келетіндер бар, олар келген сайын еттерін арқалап келеді. Алда наурыз мерекесі келе жатыр. Бауырсақтан бастап ұлттық тағамдардың бәрі болады.
— Майами деп көшеде шырқап жүргеніңізді көріп қалдық. Тілді еркін меңгермесеңізде ағылшын тілінде әндету ыңғайсыздық пен қиындық тудырып жатқан жоқ па?
Мен кезінде неміс тілін оқыдым. Соның орнына ағылшын тілін меңгеруім керек еді. “60 тан кейін ағылшын тілін үйрен ”деп неге айтпадың деп қызыма да ұрсып қоямын. Қазір жайлап үйреніп, курстарға қатысып жатырмын. Фильмге түскен кезде ағылшын тілі өте қажет болған кезде арнайы мектептерге барып үйрендім. Менің есту қабілетім жақсы болғандықтан, тілді тез үйренуге мүмкіндігім бар.
— Американың көп қаласында концерт бердім дедіңіз. Тағы қай жақта, қай елдерде ән салу ойыңызда бар?
Құдай қаласа биыл елге баруға бел буып отырмыз. Ел мені күтіп жатыр. Малайзия, Арабиядағы шәкірттерім де шақырып жатыр. Бүкіләлемдік композиторлар одағына мүше едім ғой. Сол әріптестерім де Еуропаны аралаңыз деп күтіп отыр. Мен басқа тілдерде әнді орындаған сайын өзге ұлттарға қызық болып бара жатырмын.
— Әлі де АҚШ-тан қайтпайтын сияқтысыз сөзіңіздің мәніне үңілсек? Сырттан қарап туған еліңізде болып жатқан жағдайларға алаңдайсыз ба?
Мен ол жағын айтқым келмейді. Айта берсең негатив шыға береді. Мен екі елді жалғайтын алтын көпір болғым келеді. Шәкірт тәрбиелегім келеді Америкада. Қызым осында оқып мансабын осында жалғастырғысы келетіндіктен, кино түсіретін ойы бар. Өзінің би мектебі бар. Мен мына жақта өзімді ғана емес, Қазақстанды да танытып, дамытып жатырмын ғой. Менің әндерім арқылы қазақтың әуені әлемге жетіп жатыр. Қазақтың өнері шетелдіктерді қызықтырып отыр. Сондықтан мен әлемдік деңгейде әлі де жұмыс жасамақпын. Жақында Майами Қазақстан туралы бейнебаян шығарамын. Соған осы АҚШ-та жүрген қазақтарды клипыма түсуге шақырамын. Сөйтіп Голливудтан мектеп ашып, қазақтың әнші-бишілерін осы жақтан да шығарсам деген ой бар. Шәкірттерім де АҚШ-ты өнерлерімен жаулау керек қой.
Сұхбатыңызға рахмет.