Парламент Сенатының депутаты Зәкіржан Кузиев Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке мектеп оқулықтарының мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде: «Қазіргі заманда дамудың басты кілті – білім. Біз заман талабына барынша бейім, сондай-ақ жарқын болашақты өз қолымен қалайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеуіміз керек», — деп атап өтті.
Бүгінгі күні елімізде 2022–2023 оқу жылында орта білім беру ұйымдарының желісі 3,5 млн жуық білім алушысы бар 6900-ден астам мектепті құрайды, оның ішінде 208 мектепте 100 000 мыңға жуық оқушылар өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытылады»,-деп жазды ол.
Депутат Алматы облысының тұрғындарымен кездесу барысында осы мектептердің, оның ішінде оқушыларға арналған оқулықтар алудың проблемалары көтерілгенін айтады.
«Біраз жылдар бойы Оқу-ағарту министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) бұйрығының кеш шығуына және оның әділет органдарында тіркелуіне байланысты 1-11-сынып аралығындағы оқулықтар жүйелі түрде уақтылы алмайды. Оқулықтар әрі кетсе оқу жылының 2-ші тоқсанның басында, кейде тіпті соңында келеді»,-деді депутат.
Бұл факт білім сапасына елеулі түрде әсер етеді, ата-аналар мен оқушылардың наразылығын тудырған.
«Мысалы: 2019-2020 оқу жылында 10-сыныптарға арналған оқулықтар қараша-желтоқсан айларында, 2020-2021 оқу жылында 11-сыныптарға арналған оқулықтар қараша айының басында, 2021-2022 оқу жылында 1-сыныптарға арналған оқулықтар қараша айының басында, 2022-2023 оқу жылында 2-сыныптарға арналған оқулықтар қазан айының басында алынды.
Министрліктің ақпараты бойынша өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын орта білім беру ұйымдары қазақ немесе орыс тілдерінен аударылған 14 пән (ана тілі мен әдебиетінен басқа) бойынша оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешенмен (бұдан әрі – ОӘК) қамтамасыз етіледі.
Бұл Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендері мен оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеу, оларға сараптама, сынақ өткізу және мониторинг жүргізу, оларды басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қағидаларына сәйкес (ҚР БҒМ 2012 жылғы 24 шілдедегі № 344 бұйрығы) оқулықтар мен ОӘК-ні авторлық ұжымдар әзірлейді, оған тиісті ғылым саласының ғалымдары, пәні (мамандығы), біліктілігі және білім беру ұйымдарында жұмыс тәжірибесі, кәсіптік білімі бар педагогтер қатарынан кемінде үш адам кіреді»,-деп көрсетілген депутаттық сауалда.
Қазіргі уақытта елімізде оқулықтар мен ОӘК әзірлеумен және басып шығарумен үлгілік оқу жоспарларына сәйкес 16 пән бойынша оқулықтар мен ОӘК-ні әзірлеу үшін авторлық ұжымдарды қалыптастыратын 20-ға жуық баспа айналысады.
«Бұл ретте, Министрліктің ресми жауабына сәйкес, тиісті біліктілігі бар кадрлардың жеткіліксіздігіне байланысты пәндер бойынша мұндай мектептер үшін оқулықтар мен ОӘК дайындау үшін авторлық ұжымдарды қалыптастыру мүмкін емес. Осы процедуралардың барлығын орындау айтарлықтай қосымша уақыт ресурсын қажет етеді. Бұл өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқитын мектеп оқушыларын оқулықтармен және ОӘК-мен кеш қамтамасыз етудің себебі болып табылады.
Сонымен қатар, бүгінгі күні неміс тілін үйренетін мектептер (10 мыңға жуық оқушылары бар 40 мектеп) оқулықтармен және ОӘК-мен толық қамтамасыз етілмейді. Соңғы жылдары білім басқармалары қалыптастыратын өтінімдердің болмауына байланысты Министрлік оқулықтар сатып алған жоқ. Өз кезегінде білім басқармалары оқулықтар санынының аздығығына негіздеп, осы мектептерден неміс тіліндегі оқулықтарға өтінімдерді қабылдаудан бас тартқан»,-деді депутат.
Кузиевтің айтуынша, министрлік бұл мәселені шешудің жолын ұсынбай, тек уақыт пен кадрлар жоқ деп салғырт жауап берумен келеді. Осы арқылы Министрлік қалыптасқан проблеманы шешуге өзінің немқұрайлылығы мен біліксіздігін көрсетіп отыр.
«Министрлік білім алушыларды оқулықтармен және ОӘК-мен қамтамасыз ету мониторингін жүргізетіндігін, ал оқулықтар мен ОӘК сатып алуды және жеткізуді әкімдіктер жүзеге асыратындығын атап өтемін.
Алайда, қазіргі уақытта бұл мәселеде Министрлік пен жергілікті атқарушы органдар арасында тиімді өзара іс-қимыл жоқ.
Қазақстанның ұлттық бірлігі доктринасында Қазақстанның барлық азаматтары үшін тең мүмкіндіктер мен лайықты өмір сүру жағдайларын жасау қажеттілігі көзделген»,-дейді депутат.
Сенат депутаты аталған мәселелерге байланысты мынадай шешу жолдарын ұсынды:
1) өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептер үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді шығару мерзімдерін оңтайландыру және қайта қарау;
2) оқушыларға осындай оқулықтарды уақтылы басып шығару және жеткізу мақсатында барлық кезеңдердегі жұмысты үйлестіру;
3) өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептер үшін оқулықтар мен ОӘК дайындау бойынша тиісті мамандарды (филологтарды) оқыту үшін гранттар бөлуді көздеу;
4) Қазақстан этностарының тілдері оқытылатын лингвистикалық мектептер үшін оқулықтармен және ОӘК-мен толық көлемде қамтамасыз ету.
Qazaq.today