Мектеп түлектері соңғы қоңырауды қашан соғады?

Қазақстан мектептерінде 2024–2025 оқу жылы мәресіне жақындады. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл ел аумағында 3,9 миллионнан астам оқушы оқу жылын тәмамдайды, оның ішінде 217 мыңнан аса түлек мектеппен қоштасады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Оқу жылының аяқталуына орай 23 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде «Білімім — Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаты өтеді. Бұл шарада оқушылар мен мұғалімдер бірлесіп жыл бойғы еңбектерін саралап, маңызды сәттерді бірге еске алады. Сынып сағатының негізгі мақсаты — жастардың бойында отанға деген сүйіспеншілікті, білімге құштарлықты және жауапкершілікті нығайту.

«11-сынып оқушылары үшін соңғы қоңырауға арналған салтанатты жиындар 23 немесе 24 мамырда ұйымдастырылады. Бұл күнді нақты белгілеу құқығы мектеп әкімшіліктеріне берілген. Биыл оқу жылының ресми аяқталуы жексенбіге сәйкес келгендіктен, осындай шешім қабылданған», — делінген Оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында.

Министрлік мектеп бітіру науқаны кезінде қауіпсіздік пен әділдікті қамтамасыз етуге баса назар аударып отыр. Сол себепті мектеп қабырғасынан тыс, салтанатты кештер, автокөлікпен шерулер, қаржылай жинақтар сияқты әрекеттерді ұйымдастыруға тыйым салынады.