Фото: instagram.com / k.mbappe
«Реал» шабуылшысы Килиан Мбаппе үздік бомбардирге берілетін «Алтын бутсы» жүлдесіне ие болды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Бұл сыйлық Еуропа футбол қауымдастықтары одағының мүше елдері чемпионаттарында үздік саналған футболшыға табысталады.
«Ливерпульдің» мысырлық шабуылшысы Мұхаммед Салах Англия чемпионатының соңғы турында «Кристал Пэластың» қақпасына бір рет ғана доп дарытып, турнирді 29 голмен (58 ұпай) тамамдады. Ол осылайша, Мбаппеге (31 гол, 62 ұпай) санаулы ұпай ғана жете алмай қалды.
26 жастағы Мбаппе алғаш рет «Алтын бутсы» иегері атанып отыр. Француздық футболшы бұл марапатты «Реал Мадридтегі» дебюттік маусымында жеңіп алды. Еске салайық, шабуылшы командаға 2024 жылдың жазында еркін агент болып қосылды.
«Алтын бутсы» 1968 жылдан бері табысталып келеді. Сыйлықтың ең көп иегері аргентиналық шабуылшы – Лионель Месси (6). Ол Мбаппеге дейін Испания чемпионатында аталған жүлдені жеңіп алған соңғы ойыншы еді. Бұл тізімде екінші орынға Роналду (4 рет «Алтын бутсы» алған) жайғасқан. Соңғы рет жүлде 36 гол соққан «Бавария» клубының ағылшын шабуылшысы Гарри Кейнге табысталған болатын.