Паралмент Мәжілісіне кәсіби заңгер, қаржыгер, экономистер бару керек. Елдің тағдырына қатысты, мемлекеттің дамуына тікелей әсер ететін заң шығару органына кәсіби, білікті мамандар, тұлғалар отырғанда ғана халықтың әл-ауқаты жақсарады. ҚР ҰҒА академигі, Ұлттық құрылтай мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев сайлаушыларға дауыс берерде мұқият болу керектігін айтты, деп хабарлайды республикалық Qazaq.today ақпараттық агенттігі.
Ғалымның сөзінше, жылтыр сөзбен жар салып жүргендердің бәрі кәсіби заңгер немесе ғылым-білім саласының өзекті проблемаларын білетін жандар емес.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген сияқты, бұл сайлаудың алдына қойған мақсаты да бөлек. Бұрынғыдай партиялық тізіммен ғана өтпейді. Өзін-өзі ұсыну арқылы, бірмандаттық әдіспен де тұлғалар депутаттық додаға түсіп жатыр. Биылғы сайлау бұрынғы сайлаудан өзгерек екенін халық түсінді. Мұның бәрі былтыр референдумда қабылданған Конституциялық реформаларға байланысты күн тәртібіне көтеріліп отыр. Соның арқасында қатып қалған партиялық тізіммен емес, бірмандатты округтік сайлау да енгізілді. Біздің Парламенттің төрінде заң саласын білетін адамдар отыруы керек. Өйткені кеше ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы жол ашып берген Конституциялық реформаларды іске асыратын кімдер? Заңгер-ғалымдар. Пәрменді Парламент, халықтың үніне құлақ асатын мемлекет болуы керек. Мемлекеттік деңгейде Парламенттің пәрменділігін арттыру үшін заңның жілігін шағып, майын ішкен адамдар отыруы керек. Сол себептен кәсіби заңгер адамдар болсын деймін. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген. Көшеде өлең айтып жүрген немесе бизнесін айналдырып жүрген, «кейін бизнесімді өрлетем» деген ішкі есеппен баратын адамдардың орны емес. Ол заман өтті», — деді академик Кәрімбек Арыстанбекұлы.
Ғалым үгіт-насихат жұмысы барысында сайлаушыларға дұрыс таңдау жасау керектегін де еске салды. Оның сөзінше, Президенттің құқықтық мемлекет, әділетті Қазақстан құру туралы айтқандарын тек кәсіби қайраткерлер іске асыра алады. Ғалым кандидаттарға дауыс берерде олардың өмір тарихына, еңбек жолына аса сақтықпен мән беру керектігін еске салды.
«Біз жерлестерімізбен кездесу барысында халыққа Саят Нұрмұхамедұлы жайында үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Ол елімізге белгілі көрнекті қайраткерлеріміздің бірі, Мәскеу Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген заңгер, ғалым. Ол ғылым-білім саласындағы жаңа жобаларды іске асыруда, ғылым сапасын арттыруда креативті ойлары бар екенін көрсетті. Біз сыншы халықпыз, академиктер біреудің айтқанына бас шұлғып отыра бермейміз. Оның ғылым мен білімге берілген ой-түйсігі мықты, алдын-ала болжай алатын стратег екенін көрдік. Қазір Жетісу облысынан Мәжіліске депутаттыққа түсіп жатыр. Заңгер ғалымдар арасында шоқтығы биік, көрнекті ғалым ретінде, мемлекеттік қызметті атқаруда ерекше еңбегімен көрініп жүрген Саят Нюсуповке дауыс беруге шақырар едім. Жаңа Қазақстанға Саят Нұрмұхамедұлы сияқты тұлғалар керек. Әлемдік деңгейде құқық саласын жақсы білетін мамандар Мәжіліске бару керек. Жаңа Парламент бұрынғы Парламенттей болмайды. Егер де сіз бұрынғы депутаттардай қалғып отыратын болсаңыз, халық сіздің мандатыңызды тартып алады. Сондай тетік енгізілді. Сіздің бағдарламаңыз құр сөз болып қалмау керек. Сайлаудың ерекшелігі осы. Нағыз халықтық Парламент болады», — деді ҚазҰЖҒА вице-президенті Кәрімбек Құрманәлиев.
Материалдың ақысы Саят Нюсуповтың сайлау қорынан төленді.
Qazaq.today