Маңғыстау облысының әкімдігі бюджет қаражатына премиум-класстағы көліктерді алмайтын болды. Қоғамға тараған ақпараттан кейін әкімдікке қарасты көліктерді жөндеуге бөлінбек жүздеген миллион теңгенің тендерін де тоқатты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпараттық агенттігі.
Бұған дейін БАҚ беттерінде Маңғыстау облысының әкімдігі қызметкерлеріне премиум-класстағы қымбат көліктерді алатыны туралы ақпарат шыққан еді. Тіптен көліктердің сапасы, ішкі жайлылығы, ыңғайлылығы да анық көрсетілген. Әкімдік қызметкерлерінің жайлылығы үшін жасалатын жағдай қоғамның сынына қалған еді. Алайда, әкімдік сатып алу порталына премиум-класстағы машиналарды алу туралы өтініш бермедік деп азарда-безер.
«Маңғыстау облысы әкімдігінің Іс басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі — Басқарма), келесіні хабарлайды. Басқарма мемлекеттік сатып алу жоспарына Премиум-класстағы қызметтік автокөліктерді енгізген емес және оған жарты миллиард теңге қаражат бөлінген емес», — делінген агенттіктің ресми сауалхатына берілген жауапта.
Ал әкімдіктің қолданыстағы көліктеріне бөлінетін қомақты қаражаттың қарастырылғанын жоққа шығармады. Әкімдіктің қызметкерлері қолданған көліктер болса әбден тозған, оларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.
«Автокөліктерді күрделі жөндеуге арналған жұмыстарға келер болсақ, жалпы сомасы 136 120 569,64 теңге құрайтын, ашық конкурсы екі рет https://satypalu.gov.kz/ сайтына ашық түрде жарияланып, біліктілік талаптарына сәйкес, келмеуіне байланысты, мемлекеттік сатып алу ашық конкурсы өткізілмеді деп танылды. Осыған орай, 01.04.2025 жыл автокөліктерді күрделі жөндеу жұмыстары бойынша, өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі 14.04.2025 жыл аяқталды. Себебі, қызметтік автокөліктерді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген жағдайларда қызметтік мақсатына пайдалануға жарамсыз болып қалуы әбден мүмкін, ешкімге де жасырын емес, кез келген автокөліктің өзінің қызмет ету мерзімі болатыны және автокөліктердің тозуы жүрісіне тікелей байланысты баршамызға мәлім. Басқарма өз құзыреті шегінде, қызметтік автокөліктерді, мемлекеттік коммуналдық мүлікті ұстап күту, жергілікті өкілді, атқарушы және мемлекеттік органдарға жабдықтау функцияларын қамтамасыз ету болып табылады», — делінген ресми сауалхатқа берілген жауапта.
Әкімдікке редакция қызметтік көліктердің жылы жаңа болса да тым тозып кетуінің себептерін де сұраған еді. Алайда мардымсыз, әрі сырғытпа хат жіберген әкімдіктің іс басқармасы, жауапқа қанағаттанбаған жағдайда сотқа жүгінуге кеңес берді.