Мақсатым ауыл медицинасының сапасын көтеру  – дәрігер

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасқан дәрігерлер ауылдағы медицина сапасының көтерілуіне көп үлес қосып келеді. ЖОО бітіре сала шалғайдағы елді мекендерге бірден аттанып кеткен жас мамандар бүгінде халықтың сеніміне кіріп үлгерген. Тіптен алды жауапты қызметтерге де тағайындалды. Бірнеше елді мекендегі халықтың денсаулығына тікелей жауапты маманның бірі – Бағдагүл Садықова. Ауылға келгеніне көп уақыт бола қоймаса да Бағдагүл Қырбайқызы көпшіліктің көңілін тауып үлгеріпті. Дәрігердің сөзінше, дертіне шипа іздеген тұрғындар ауылдағы амбулаторияға ғана емес, үйіне де кез келген уақытта іздеп келе береді. Осы өңірдегі елдің өміріне жауаптылығын сезінген маман науқастар түнде келседе ерінбей медициналық көмек көрсетеді. Жас дәрігер бүгінде Талғар ауданына қарасты Жалғамыс, Еламан және Тереңқара ауылдарындағы тұрғындардың денсаулығына жауапты.

«Кез келген дертті ауыздықтауда дәрігер біліктілігі аса қажет. Орта мектептен соң С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне грантқа түстім.   Қолға диплом алған соң бірден туған ауылыма аттандым. Жас маман ретінде барған маған қараша елдің сенімі күш берді. Ауылдың тынысы қандай кең болса, ауыл адамдарының пейілі де сондай кең. Ауыл дәрігері сондағы әрбір жанұяның бір жақын адамына айналып кете береді ғой. Дәрігер ретінде күн мен түннің  қай бір мезгілінде болмасын жәрдеге мұқтажы жанның қасынан табылуға тырыстым. Талай рет бақытсыздықтың алдын бөгеп, алғашқы медициналық көмек пен жасаған ем науқастың аяғынан нық тұрып кетуіне себепкер болды. Бар мақсатым антқа адал болып, ауыл медицинасының сапасын көтеру», — деді отбасылық дәрігер Бағдагүл Садықова.

Еңбек жолында ел көңілінен шығып үлгірген бірінші дәрежелі отбасылық ауыл дәрігері, ақ қалатты жандар кәсібін шын сүю керек деп санайды. Сонда ғана жаны қысылған адамға ықыласпен көмек көрсетіп, жаралы жанды жылыта біледі. Тұрмыс құрған соң жұмыс орнын ауыстырған дәрігер бүгінде Жалқамыс,Теренқара, Еламан ауылы тұрғындарын қамтитын медициналық мекеменің меңгерушісі. Ауыл дәрігеріне қызметтік жауапкершілік екі есе артылған. Өткені, орталықтан алыс жатқан ауылдарда заманауи ақпараттар да, білікті мамандар да көп емес.

«Қайнаған қарекеттен  тұратын ауыл өмірінде техникадан абайсызда қатерге ұрынып, жазым болып жарақаттанған, түрлі жағдайда алдыңа келетін ағайынды ауданға жөнелтуге уақыт тар, өлім мен өмір арасындағы сын сәттерде жылдам шешім қабылдап, батыл іске кірісіп кететін сәттер көп. Сондықтан қайда жүрсін, қайда болмасын қолымыздан тастамайтын дәрігерлік қобдишадағы құрал-жабдығымызды түгендеп жүреміз. Қиналған жанға дер кезінде жәрдем беріп үлгіремін деумен күн мен түн кезектесіп өтіп жатыр. Бір науқасқа барған кездегі оқиға есімде қалыпты. Қан қысымы қатты көтеріліп, қызуы қырық градусқа жектен егде жастағы адамға ем шара көрсеттік. Науқас дәрігердің көз алдында «жүрді де кетті». Ұлыбетін басқан күйі жылап, сыртқа шықты. Жандәрмен жасанды демалдыру әрекетімен үрлеп тыныс беріп, әбігерге түсіп, арада  бір-екі минут өткенде  жүрек шіркін қайта соғып кетсе болар ма?  Науқастың жайы тұрақтанып, біздің де  көңіліміз орнына түскен еді. «Аға, уайымдамаңыз, бәрі жақсы болды» деп сыртқа шықтық. Айналасы бес-алты минутта туған туысқаны жиылып қалыпты. Дәрігерден үкім күтіп үрпиісіп тұрған үрім-бұтағына жайдары жүзбен жақсы хабарды сүйіншілегеннен артық қуаныш бар ма?», — деп ойымен бөлісті жас маман.

Жуырда Жалғамыс ауылында жаңа амбулатория ашылды. Жаңа медициналық мекемені халық тәуелсіздіктен бері күткен екен. Шағын мекемеде жиырма шақты адам жұмыс істейді. Олар осы өңірдегі жеті мың тұрғынның денсаулығына жауапты. Халық әліде жоғары білікті мамандарға зәру. УЗИ аппараты, аптасына бір рет ауылға келіп, тұрғындарды қарап кететін жоғары санатты дәрігерлер болса дейді ауылдағы қызметкерлер. Шағын ұжымды басқарып отырған Бағдагүл  Қырбайқызы, әрбір дәрігер тек дипломмен шектелмей, үнемі өзін дамытып отыру керек деп санайды.

«2015 жылы Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінде «Балалар жасындағы ауруларды интеграциялап жүргізу» циклы  бойынша, сосын Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы АҚ «Онкологиялық науқастарды халықаралық хаттамалар негізінде диагностика кезеңінен бастап оңалтуға дейін емдеу» циклі, 2016 жылы Оқу-әдістемелік орталығында «БМСК дәрежесіне қант диабет басқару»,  2018 жылы «Мидың қан тамырлар аурулары. Дифференциалды диагностика, инсультты науқастардың нейрореабилитациясы», 2019 жылы Республикалық медицина академиясында өткен «Шұғыл жедел жәрдем медициналық стандарттарды көрсету (BLS,ACLS,PALS,PHTLS)» циклы бойынша курстардан өттім. 2019 жылы  Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінде «ӨСОА емдеуді баскару және оңалту» циклы сынды біліктілікті арттыру, Мәскеуда «The 18 th Convention of Pediatricians of Russia «Actual Problems of Pediatrics» Moscow.Russian federation семинар сабақтарына қатыстым. 2017 жылы «Роль естественных биологических активных веществ в профилактике и терапии нарушений функции нервной системы», «CENTRAL ASIAN GASTROENTEROLOGY WEEK — 2015» конрессіне, 2015 ж «Қазақстан кардиологтарының  VIII Конгресі Қазақстанның интервенциялық кардиологтар  және рентгенхирургтар қоғамының III Съезі Электрофизиология және жүрек стимуляциясының I Конгресі сынды барылғы отыздан астам іс-шараларға қатыстым. Бұның бәрі адам жанын емдеудегі тәжірибені арттыруға көмектеседі», — деді Жалғамыс дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі.

Талғар ауданында 29 амбулатория болса, осы уақытқа дейін оның 26-сы жөндеуден өткен. Оның ішінде Жалғамыс,Тұздыбастау, Еркін, Жаңалық, Береке — қосымша ғиматы модульді кешенмен қамтылды. Жөндеуге бюджеттен емес, басқарушы компанияның жеке есебінен қаржы бөлінген. Инвесторлардың есебінен 100 орынға және тәулік бойы жұмыс істейтін 30 орынға шақталған күндізгі стационар, оңалту орталығы және 60 адамға  арналған паллеативті көмек көрсететін 2 жаңа терапевт орталығы ашылды. Талғар ауданында 315 мыңнан астам тұрғын болса, 219 мың адам медициналық мекемелерге тіркелген. Тіркелмегендер мен медициналық сақтандыруы жоқ адамдардың саны 100 мыңнан асады.

«Компания аурухананы сенімгерлік басқаруға алғанға дейін барлық амбулаториялар мен аурухананың ахуалы нашар болды. Медициналық қызметкерлер мен медициналық құрылғылар жетіспеді, сондықтан, науқастар өзге клиникалардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Дегенмен, бүгінде басқарушы компанияның бастамасымен 26 амбулатория жөнделіп, жаңа медиицналық құрылғылар және жиһаздармен қамтылып, сапалы әрі дер кезінде медициналық көмек көрсетуге қол жеткізді. Аурухана сенімгерлік басқаруға өткенге дейін клиникаға 120-дан астам дәрігер жетіспеді. Жеке инвесторлар келген соң 95 дәрігер қатарға қосылды. Олар өте білікті мамандар, реаниматологтар, кардиологтар, хирургтар, стоматологтар, эндокринологтар, гинекологтар және т.б. Қазір тағы  жалпы тәжірибелік дәрігер, окулист, эндокринолог сындыбарлығы 24 дәрігер қажет. Қазір аудандық орталық ауруханаға 15 жедел-жәрдем көлігі мен өзге де көптеген қажетті медициналық құрылғылар келеді деп күтілуде», — деді Талғар аудандық орталық ауруханасының баспасөз қызметі.

Ауыл дәрігері жолдасымен бірігіп, әлеуметтік аз қамтылған, мүгедек  отбасыларына қайырымдылық жасаумен де айналысып келеді. Қоғамдық қорларға сұраныс жасай отырып мүгедек балаға арба да алып беріпті. Ауылдағы жүзге жуық жағдайы нашар отбасына тұрақты көмек беруді мойындарына алған.

«Ковид кезінде бөлімшеде беті — қолы тұмшаланған, аяғына резеңке етік киген дәрігердің кім екенін де ажырату мүмкін емес. Сақтану үшін тәуліктер бойы тынысын тарылтар тамұқтың қабығындай жамылғыға төзу де азап. Бірақ амалың жоқ. Осындай формада бөлімде ерсілі-қарсылы ағылған ақ халаттылардың мақсаты біреу: дерт жамап жаны қиналып жатқандарды өлімнен арашалап қалу. Сол үшін көз ілмей, көбелектей ұшып-қонып ақ қалаттылар жұмыс істеді. Берген антымызға қашанда адал болуға тырысамыз», -деді жас маман.

9