Маңғыстау облысында Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте оқушылар жаппай тамақтан уланып қалды. Бұл туралы Qazaq.today ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Деректерге сүйенсек, мектеп асханасына барған 1-4 сынып оқушылары зардап шекті.
«Қарындасым мектептен келе сала, ұйықтайтынын айтты. Кешке оянған кезде жүрегі айнып, қызуы 39,2 градусқа дейін көтерілді. Біз оны Маңғыстау ауылының ауруханасына апардық», — деді бірінші сынып оқушысының ағасы.
Зардап шеккен қыздың туыстарының айтуынша, жергілікті ауруханаға барған кезде ол жақта кезекте 50-ден астам бала болған. Көрші Маңғыстау ауылының медициналық мекемесі 35-40 оқушыны бақылап, кейбір зардап шеккендерді Ақтаудағы облыстық балалар ауруханасына жіберген.
Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы 6 қыркүйек күні кешке №8 мектептің 21 оқушысының ата-аналары іштің ауыруы мен дене қызуына шағымданғанын хабарлады. Сағат 13:15-те 58 бала медициналық көмекке жүгінген. Клиникада 26 бала ем алып, 27 бала үйде бақылауға жіберілген. Тағы бесеуі ауруханаға жатқызылды.
Уланудың себебін өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің қызметкерлері анықтайды.