«Мал көрші елдерге төмен бағамен сатылып жатыр»: Тоқаев ауыл шаруашылығындағы кемшіліктерді атады

Мал бордақылау орындары жартылай бос тұр

Фото: egemen

Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агросекторды дамытуға басымдық беру керектігін айтты. Ол ауылдағы халықтың әлеуетін көтеру үшін ауыл шаруашылығы саласын несиелеуге баса назар аударды, деп хабарлайды Qazaq.today.

«Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру қажет. Былтыр экономиканың басқа салаларына қарағанда ауыл шаруашылығы даму қарқыны бойынша алға шықты. Бұған көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемін едәуір арттырудың арқасында қол жеткіздік. Биыл осы науқанға кемінде 700 миллиард теңге бөлу керек. Арзан несиені малшыларға және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеушілерге берген жөн. Тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажет. Мен бұл мәселе жөнінде осыған дейін де айттым. Осы міндетті орындау керек. Былтыр диқандарымыз мол астық жинады. Бірақ бидай бағасы тым арзандап кетті. Шаруаларды қолдауға және ішкі нарықты тұрақтандыруға Азық-түлік корпорациясы атсалысты. Бірақ бұл – уақытша шешім», — деді Тоқаев. 

Президен көбірек табыс әкелетін дәнді-дақылға көшуді жалғастыру қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ шикізатты сақтау және оны терең өңдеу мүмкіндіктерін арттыруға да көңіл бөліп, өнімді шетелге шығаруға қолдау көрсету керек деп санайды мемлекет басшысы. Президент ферлерлерден шағымның көп түсетінін айтты.

«Малдың жұқпалы ауруларына қатысты ахуалды, соның ішінде екпе егу мәселесін ерекше бақылауда ұстаған жөн. Мал шаруашылығының экспорттық әлеуеті осыған байланысты» «Ауылды дамытуға арналған негізгі міндеттерге арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерде инфрақұрылымды жаңғыртуға және бизнесті қолдауға басымдық берілуі керек. Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар. Үкімет пен әкімдерден жаңа, жүйелі әрі тың тәсілдер күтемін. Жалпы, ауыл шаруашылығында шешілмеген мәселелер аз емес. Фермерлер, сарапшылар түрлі түйткілдер туралы жазып жатыр. Мысалы, бордақылау орындары малсыз, жартылай бос тұр, себебі, мал көрші елдерге төмен бағамен сатылып жатыр. Ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге баса мән беру қажет. Ауыл халқы қаржылық және мемлекеттік қызметтерден қол үзіп қалмауы керек. Қазір бұл міндет, негізінен, «Қазпошта» арқылы орындалып жатыр. Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, пошта бөлімшелерінің шалғай елді мекендерде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырамын», — деді президент.