Маңғыстау облысында жол апатынан мотоцикл жүргізушісі көз жұмды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Жол-көлік оқиғасы 1 мамыр күні Жетібай-Жаңаөзен тасжолында болды. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде жарияланды.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі көлікті пайдалану ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастағанын хабарлады.
«Алдын ала мәлімет бойынша, мотоцикл жүргізушісі рульге ие бола алмай, жолдан шығып кетіп, тосқауылға соғылған. Жүргізуші алған жарақатынан жедел жәрдем жеткенше оқиға орнында көз жұмды», — деп хабарлады ведомство.
Жол-көлік оқиғасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану ережелерiн бұзуы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.