Дубайда жүріп шынайы махаббатын жолықтырған 27 жастағы Шахризада Болатбектің оқиғасы көптің қызығушылығын оятты. Египеттік жігітпен танысып, қазақы салтпен тұрмыс құрған ару күйеуінен мәһрге наубайхана ашуды сұраған, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.
Қызылордалық ару болашақ жарымен Дубайда жұмыс істеп жүргенде танысқан. Шахризада 2024 жылдың мамыр айында Дубайға көшкен. Ол бұл қалаға жұмыс бабымен, ресми еңбек келісімшарты бойынша барған. Оның жаңа қызмет орны Dubai Mall-дың дәл қасында орналасқан еді.
«Күйеуімді алғаш рет 1 тамыз күні көрдім. Ол кезде мен мейрамханада қонақтарды күтіп алушы болып жұмыс істейтінмін, ал қарсы дүкенде жаңа, сымбатты қызметкер пайда болғанын байқадым. Мейрамханада үнемі тұрып жұмыс істегендіктен, сол дүкен жағына қарай қарап тұруыма тура келетін. Тек бейтаныс жігіт туралы «сымбатты екен» деген оймен шектеліп қалдым. Қызығушылық танытып, оның үйленген-үйленбегенін құрбым арқылы білгім келді. Себебі үйленген еркекке көз салғым келмеді. Біраз уақыттан кейін тез тамақтанатын орында кездестік. Тапсырыс беруге жақындағанымда өз тапсырысын күтіп тұрған екен. Сыпайылық танытып, амандасуды жөн көрдім», – деді Шахризада Болатбек.
Бір күні Шахризада бірінші кездесуден соң жігітті кешкі асқа шақырған. Қазақ қызын жігіттің қарапайымдылығы, сөзі мен ісінің сәйкестігі баурап алған. Сонымен қатар аруға жігіттің жасандылыққа жақын емес екені де ұнаған.
Жас жұптардың жас айырмашылығы – 2 жас. Египеттік жігіттің толық аты-жөні Халед Мохамед. Шахризада отбасыдағы ең үлкен қыз болса, Халед үйдің кенжесі екен. Қызылордалық ару күйеуінің жақында әкесінен айырылғанын және жанында анасы бар екенін атап өтті.
Шахризада екеуінің арасында қайшылықтар жоқ екенін және өмірге деген көзқарастары да бірдей екенін атап өтті: отбасы, дін, рухани құндылық. Осы ретте Шахризада болашақ жары ретінде неліктен қазақ жігітін емес, өзге ұлт адамын таңдағанын түсіндірді. Ару 19 жасынан бастап шетелде өмір сүре бастағанын және бұл таңдауының басты себебі ортасы болғанын ерекше атап өтті.
«Мектепті аяқтаған соң Алматыға көшіп келдім. Үшінші курста студенттер алмасу бағдарламасымен Польшаға оқуға барып, алғаш рет Еуропаны көрдім. Сол сәтте-ақ менің шетелде тұруым керек екенін жүрегіммен сезіндім. Еуропадан кейін біраз уақыт Астанада өмір сүріп, артынша Дубайға қоныс аудардым. Жолдасымның да оқиғасы менікіндей. Ол әскерге барған соң, өз болашағын басқа елмен байланыстырғысы келетінін түсінген. Ал қазақ жігіттері туралы жаман айтқым келмейді, бірақ кейбір ер азаматтарға әйелдерді жай ғана адам ретінде құрметтеп, бағалауды үйрену артық етпес еді. Сонымен қатар шынайы махаббат ұлт таңдамайды деген ойдамын», — деді ол.
Шахризада Болатбек ата-аналары олардың некесіне қарсылық танытпағанын және қолдау көрсеткенін айтады.
«Ата-анам – бала кезімнен бастап барлық ісімде маған қолдау көрсеткен жалғыз жандар. Олар менің әрбір шешімімді түсіністікпен қабылдап, арман-мақсаттарыма кедергі келтірмей, керісінше демеу болды. Олар үшін ең бастысы, менің бақытты болуым. Тіпті жүректерінде күмән болған күннің өзінде, маған оны білдірмей, бір ауыз сөз айтқан жоқ. Сол үшін мен оларға шексіз ризамын. Ал Халедтің анасы мені көрген сәттен-ақ «бала сияқты көрінесің» деді. Онымен сөйлескен сайын, екінші анам ретінде бізге дұға тілеп, бата беріп отырады. Анамды өте қатты құрметтеймін, өйткені ол мені өз ұлындай бағалайды. Дәлірек айтсам, 2024 жылдың 25 қарашасында таныстырды. Олар – өте ашық жарқын жандар, мен туралы жылы лебіздерін білдіріп, сүйіспеншілікпен қарайды. Дегенмен әлі ешқайсысын жүзбе-жүз көрген жоқпын, сондықтан екінші отбасыммен мүмкіндігінше тезірек танысқым келеді», – деді Шахризада Болатбек.
Шахризада желіде күйеуінің көркіне қатысты жазылған пікірге оң көзқараспен қарайтынын атап өтті. Тіпті, ол араб күйеуіне мүмкіндік болған жағдайды модель болып жұмыс істеп көруді ұсынған. Қазір египеттік Халед Қазақстанға келмей тұрып, күн сайын 5 қазақша сөз үйреніп жүр екен. Арудың айтуынша, бүгінде ол кез келген қазақстандықпен сөйлесіп, жағдайдан шыға алады.
«Қазір біз толықтай мансапқа көңіл бөліп жатырмыз. Бала кезімнен шетелде өз наубайханамды ашуды армандадым. Сол себепті күйеуімнен мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым. Арманымызды жүзеге асыруға тырысып жатырмыз. Ал күйеуім теннис десе ішкен асын жерге қояды. Қазір біз халықаралық турнирлерге шығуға талпынып жүрміз. Ол өз ісінің шебері болуы үшін тырмысып жатыр», – деді Шахризада Болатбек.