Мұқағали Мақатаевты қорлаған блогерге қарсы сот басталды: ұлы 10 млн теңге талап етті

Алматыда аты аңызға айналған ақын Мұқағали Мақатаевты қорлау ісі бойынша блогер Әлішер Теменовке қатысты сот процесі басталды. Ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев блогерден 10 миллион теңге моральдық өтемақы және желіде жария кешірім сұрауын талап етіп отыр.

Даудың себебі: Мұқағалиды «сорлы еркек» деген видео

2024 жылдың 8 қазанында блогер Әлішер Теменов әлеуметтік желіде Мұқағалиды балағаттап, даулы бейнежазба жариялаған. Видео тез тарап, жұрттың ашуын туғызды. Ақынның туған жері Қарасаз ауылының тұрғындары блогердің үйіне дейін барып, кешірім сұратуға мәжбүрледі.

Кейін Теменов жазбаны өшіргенімен, халықтың көңілінде қалған реніш сейілмеді.

Сот барысы

  • Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 131-бабы 2-тармағы«Қорлау» бойынша қозғалды.

  • Сот Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотында, судья Бейнегүл Қайсина жүргізіп отыр.

  • Теменов адвокат жалдай алмаған, сотқа Мейірман Шекеев есімді ресми өкілімен бірге келді.

  • Өкілі: “Бұл екі адам туыс. Теменов өкінеді. Татуласуға келдік”, – деді.

Судья 10 минуттық үзіліс жариялап, тараптарға келісімге келуге мүмкіндік берді.

Жұлдыз Мақатаевтың талабы:

«Мен күйзеліске түстім. Әкемнің атына нұқсан келді. Бұл моральдық шығын. Сондықтан 10 млн теңге өтемақы және желі арқылы ресми кешірім сұрауын талап етемін», – деді Жұлдыз.

Теменовтің ресми өкілі талаптарды қарастыруға дайын екенін жеткізді.

Блогердің жағдайы

  • Тұрақты жұмысы жоқ

  • Бір қызы бар, жары екінші баламен жүкті

  • Сотталмаған, бұл – алғашқы ісі

  • Журналистерге пікір беруден бас тартты

Жұлдыз Мақатаев: «Әкемнің шығармасына тіл тигізуге болмайды»

«Әкем айтатын: «Мені жамандасын, пендемін. Бірақ менің шығармамды жамандағанды кешірмеймін». Осы уақытқа дейін Теменов алдыма келіп кешірім сұрамады», – деді Жұлдыз.