LRT-ның бұрынғы басшысы мен акционері жауап алуға сол күйі келмеген

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Astana LRT» компаниясының экс-басшысы Талғат Ардан мен экс-акционер Олжас Тоқтаровқа қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Бұл туралы брифингте ведомствоның ресми өкілі Данияр Бегайдаров мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

«Тергеу барысында сотқа дейінгі тергеу органы ҚІЖК-нің 208-бабының 1-бөлігіне сәйкес аталған тұлғаларды жауап алуға шақыру жөнінде шаралар қабылдады. Антикор күдіктілердің елден тыс жерде болуына және келуден жалтаруына байланысты 205-баптың 3-бөлігін басшылыққа ала отырып, күдіктілерді БАҚ арқылы шақырды. Бірақ та олар жауап алуға келген жоқ», — деді Бегайдаров.

Оның мәліметінше, тергеу нәтижесінде жиналған ауыр қылмыстың дәлелдері аталған тұлғалардың іс-әрекеттерін сырттай саралауға мүмкіндік берді.

Антикордың ресми өкілі қазір қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатқанын, 19 қыркүйек күні қылмыстық іс сотқа жолданғанын жеткізді.