Әлия Юсупова Ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кетті

Фото: olympic.kz

Көркем гимнастикадан Қазақстанның ең танымал тұлғаларының бірі Әлия Юсупова ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кеткенін жариялады, — деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

Ол екі бірдей Олимпиада ойындарына қатысып, 2012 жылдан бастап Қазақстан құрамасын басқарды.

Оның жетекшілігімен қазақстандық гимнасттар халықаралық ареналарда табыстарға жетіп, құрлықтық чемпионаттарда, Азия ойындарында және әлемдік турнирлерде медальдар жеңіп алды.

Әлия Юсупованың айтуынша, бұл шешім Қазақстан гимнастика федерациясындағы жұмысына толығымен көңіл бөлгісі келгенімен байланысты.

«2009 жылы спорттық мансабымды аяқтаған соң өзімді бапкерлік қызметте сынап көргім келді. Мен өзім дайындаған гимнастты Олимпиадаға шығарып, сол ойындарға бапкер ретінде қатысуды мақсат еттім. 2012 жылы маған осындай мүмкіндік беріліп, Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне кірістім. Үш Олимпиада да біз жақсы нәтижелер көрсете алдық. Үш рет гимнасттарды Олимпиадаға дайындағаныма өте қуаныштымын. Мұндай жауапты қызметте маған сенім артқаны үшін елге, басшылыққа алғысымды білдіремін. 2025 жылдың қаңтарынан бастап бас бапкер қызметінен кетемін, өйткені  федерациядағы жұмысқа толықтай көңіл бөлгім келеді. Осылайша, басқа бапкерлерге өздерін көрсетуге мүмкіндік беруді жөн көрдім. Баршаңызға сәттілік тілеймін», — деді Әлия Юсупова.

Әлия Юсупова – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері және еңбек сіңірген бапкері. Ол екі рет Олимпиада ойындарында өнер көрсетті. 2004 жылы Афинада Юсупова жүлдеден бір қадам қалыс қалса, 2008 жылы Бейжіңде бесінші нәтиже көрсетті.

76