2024 жылы майнерлер 901 миллион кВт·сағ электр қуатын сатып алған. Бұл 13 миллиард теңгеден асады.
Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Энергетика министрлігін майнерлер тарапынан электр энергиясын тұтынудағы заңбұзушылықтарға байланысты сынға алды, деп хабарлайды Qazaq.today.
Мемлекеттік аудит нәтижесі бойынша, майнерлер 2024 жылы жалпы көлемі 901 миллион кВт·сағат электр энергиясын үшінші тарап компанияларынан бірыңғай сатып алушы – «РФЦ» ЖШС-ін айналып өтіп, баланстаушы жеткізушілер арқылы сатып алған. Бұл энергияның нарықтық құны 13 миллиард теңгеден асады.
«Энергетика министрлігі өндіріс көлемін, тұтыну көрсеткішін және нақты тарифтерді бақылауда ұстауы керек. Алайда аудит нәтижесіне қарағанда, майнерлер шамамен 1 миллиард кВт·сағат электр қуатын бақылаусыз пайдаланып жатыр. Бұл – электр тапшылығы кезінде жол беруге болмайтын жағдай,» – деді Әлихан Смайылов министрлік өкілдеріне.
Министрлік өкілдері өз кезегінде майнингпен айналысатын субъектілер үшін лицензиялау және жұмыс тәртібі бекітілгенін айтты.
Алайда Смайылов бұл жауаппен келіспей, мәселенің түп-тамырына тоқталды:
«Лицензиялаудан бөлек, олар энергияны еркін бағамен жеткізушілер арқылы сатып алып отыр. Бұл шығындар барлық тұтынушылардың мойнына жүктелуде. Баланстаушы провайдерлер саны артып келеді, бұл бизнеске тиімді – ештеңе өндірмей, халық есебінен пайда табу. Сіздер мұны көз жұмып рұқсат етіп отырсыздар. Нақты бақылау тетіктері енгізілмеген.»
Анықтама: Бұған дейін де мемлекеттік аудит нәтижесінде «Самұрық-Энерго» компаниясында 199 миллиард теңге көлемінде тиімсіз шығындар анықталған болатын.