Жетісу облысының прокуратурасы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған тұлғалардың үстінен қылмыстық іс қозғады. Өңірдегі жауапты басшылар қомақты қаражат бөлінгеніне қарамастан автомобиль жолдарын заңсыз, әрі сапасыз салған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Прокурорлар мұқият жүргізген тексеру барысында өрескел заң бұзушылықтарды анықтаған.
«Ағымдағы жылдың 7 наурызында Кербұлақ ауданында еріген сулардың шайылуы салдарынан Малайсары станциясына қарай автомобиль жолы жартылай қирап, жарамсыз болып қалды.
Прокурорлық тексеру нәтижесінде осы учаскеде жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында Заңның өрескел бұзушылықтарына жол берілгені анықталды», — деді ведомствоның баспасөз қызметі.
Тексеріс барысында бұл жұмыстардың әу бастан мемлекеттік органдың жобалау-сметалық құжаттамаларынсызжәне сараптама жүргізбестен жолдың салынғаны анықталды. Салдарынан мемлекеттің қыруар қаражаты далаға кеткен.
«Мемлекеттік сатып алуды жүргізуге мүмкіндік беретін ағымдағы жөндеу түрінде заңсыз жүргізілген. Бұл өз кезегінде техникалық және авторлық қадағалау тарапынан бақылауды жояды.
Нәтижесінде су бұру жүйелерінің өткізу қабілеті есептелмеген және жүргізілген жұмыстардың сапасы қамтамасыз етілмеген.
Прокуратура мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының әрекеттерінде мемлекетке зиян келтірген және аса ірі залал келтіру түріндегі ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін анықтады.
Осы факт бойынша ағымдағы жылдың 3 сәуірінде арнайы прокурорлар жүзеге асыратын ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы 3-тармағының 4-бөлігі (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», — деді Жетісу облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Qazaq Today