Генерал Күдебаевтың ұлы Арман Мырзақұлов Президенттен араша сұрады. Ол әкесінің елдің тыныштығын сақтауда еткен еңбегі аз емес деп санайды. Үндеуде генерал Күдебаевтың еңбек жолындағы жұмыстарын еске салып, көмек қолын созуды сұраған.
«Құрметті Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен «Қаңтар оқиғасына» қатысты Алматы облыстық сотында үстінен нақақтан іс қозғалып жатқан генерал Серік Күдебаевтың ұлымын. Тәуелсіз Қазақ Елінің келешегін қалыптастыратын жас буын өкілімін!
Менің тікелей Сізге бейне-мәлімдеме жасау себебім, қысылтаяң шақта бейбіт халықтың қаны төгілмес үшін, қарамағындағы қызметкерлері соққыға жығылмасын деп «Қаңтар оқиғасы» кезінде қызметтік міндетіне адал болған әкем — генерал Күдебаевтың бүгінгі тағдыры алаңдатады. Сіз, барша қазақтың қабырғасын аяздай қарыған қанды оқиғаға қатысты салиқалы баға беріп келесіз. Мемлекет басшысы ретінде қабылдаған бүгінгі әрбір шешіміңізге — келешек ұрпақ лайықты баға береді деп сенемін».
Президент, мырза!
«Менің әкем өзінің бар саналы өмірін Ішкі істер саласына, әділдік пен тәртіп орнаған тыныш кезеңнің қалыптасуына арнап келді. Ол өзіне тапсырылған міндетті адал атқарып, жауапты қызметінен босағанға дейін Билік пен Халық арасында мейлінше бейбіт қатынас салтанат құруына бар күш-жігерін жұмсады. Серік Күдебаев Ішкі істер саласы қаһармандарын даярлап келген кәсіби ұстахана — Қарағанды Ішкі істер қызметкерлерінің Жоғары мектебін үлгілі тәмәмдаған. Ол кәсіби мамандық алғаннан бастап күн демей, түн демей қоғам тыныштығы мен тәртібін сақтауға жан сала кірісті. Үй бетін көрмей Ел қызметінде жүрген әкеміздің әкелік қамқорлығы мен ыстық алақанының қызуына бала боп мейірімізді толықтай қандыра алмасақ та, біз әкеміздің абыройлы ісін қанағат тұтып өстік. Әкеміздің еңбегін бөтен адамдардың мақтағаны да бізге үлкен үлгі болды».
Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Менің әкеме, Ішкі істер саласының шенді өкілі — генерал Күдебаевқа тағылып отырған негізсіз айыпты алып тастауға ықпал етуіңізді сұраймын. Ел басына ауыр күн туған қиын кезеңде Халқы мен Президентіне адал қызмет еткен генералдың ар-намысы мен абыройына, оның отбасы мен перзенттерінің болашағына Өзіңіз араша болыңыз! Серік Күдебаевтың бүгінгі күнге дейін атқарған ісі мен сіңірген еңбегіне — Ел куә.
Құрметті, Президент!
Өзіңіз іргетасын қалаған «Әділетті Қазақстаннан» жас ұрпақ үлкен үміт күтеді. «Қаңтар оқиғасы» кезінде ата-анасынан айырылған жүздеген жас бала зар жыламасын деп менің әкем бар күш-жігерін жұмсады. Мен де әкемнің нақақтан күйгенін көріп, жылағым келмейді. Жаңа Қазақстанның жас буыны ретінде дәл қазір бір Өзіңізден ғана үміттенемін. Бір Өзіңізден ғана араша сұраймын. Ертеңгі күнге үлкен сенім артқым келеді… Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырында шен тағып, шекпен киіп, тек шалқайып жұмсақ креслода отырған жоқ. Күдебаев қызмет еткен жылдары түрлі ауыр қылмыстардың бетін тойтарумен келді. Мәселен…
2011 жыл, сәуір.
Алматы қаласының 3-ықшам ауданында террорист Ишимбетов бастаған қарулы топты залалсыздандырды.
2011 жыл, желтоқсан
Хасен есімді террорист басқарған қарулы топты қаланың «Боралдай» ықшам ауданында залалсыздандырды
2012 жыл, шілде
Қаланың «Ақкент» ықшам ауданында Байұзақ есімді қарулы террорист бастаған қауіпті топты залалсыздандырды.
2013 жыл, тамыз
Алматы облысына қарасты Іле-Алаиау ұлттық қорығында бекініп, бірнеше адамды айуандықпен өлтірген террористік топты залалсыздандырды.
«Қызмет барысында қоғамға төнген қауіп-қатермен аянбай күресіп қана емес, бейбіт тұрғындардың өмірін сақтай отырып, террористік қарулы топтарды құрықтай білген білікті басшы, тәжірибелі генерал неге айыпталуы керек? Қиын-қыстау кезде бейбіт тұрғындардың Конституциялық құқығын сақтап, генералдық абыройына сай Қызметтік этикаға жүгінгені үшін бе? Халыққа оқ атпағаны үшін бе? Әлде, базбіреулердің астыртын мүддесін қорғауға міндетті ме еді?!.
Генерал Күдебаев Талдықорғандағы сотта өзі айтқандай, қызметтен өз еркімен кетуге рапорт жазғанша үстінен іс қозғалмаған. Бұл не? «Ел басқарған кез-келген басшы таза болмауы керек!» деген ескі жүйенің жазылмаған заңдылығы ма? Генерал Күдебаев ақталсын!», -делінген.
Qazaq.today