«Кублей» зауытының тағдыры: БҚО 800-ге жуық адам жұмыстарынан айырылмақ

Батыс Қазақстан облысында 800-ге жуық адам жұмыссыз қалмақ. Орал қаласында орналасқан «Кублей» консерві зауыты қаланың өнеркәсіптік бөлігінде және зауыттың санитарлық-қорғау аймағында көппәтерлі үйлер салуға рұқсат берген қала әкімдігінің шешіміне байланысты жабылуы мүмкін. Нәтижесінде нақты 768 адам жұмыссыз қалуы мүмкін, деп хабарлайды  Qazaq.today ақпараттық агенттігі.

«Ж.Асановтың ұсынысы…»

Оқиға шамамен үш жыл бұрын басталған. Жергілікті атқарушы орган зауыттың жанынан  көпқабатты үйлер салуға рұқсат берген. Бұл өз кезегінде кәсіпорынның жабылуына қауіп төндіреді, өйткені тұрғын үйлердің өндіріс аймағына орналасуы санитарлық нормаларды бұзады.Зауыт өкілдерінің өздері құрылыс заңсыз салынып жатыр деп санайды. Қаланың өнеркәсіптік бөлігінде, яғни санитарлық-қорғау аймағында үш үй тұрғызылған. Олардың бірі сот шешіміне дейін пайдалануға беріліп қойған. Енді қалған ғимараттар да пайдалануға берілсе, онда зауыт үшін әрі қарай жұмыс істеу қиындық тудырады. Шулы мәселе өңірде шешілмеген соң, зауыттың өкілдері Алматыға арнайы келіп баспасөз жиынын өткізді. Заңгерлердің сөзінше, бұл іс бойынша сот екі жылдан бері жағласып келеді. Жер мәселелері жөніндегі заңгер Бақытжан Базарбек әкімдік зауыттың жанындағы құрылысқа жер беру туралы шешімі заңға қайшы деп санайды.

«Алғашқы екі кассация зауыттың пайдасына шыққан. Бірақ 2022 жылдың шілдесінде Жоғарғы соттың төрағасы Ж. Асановтың ұсынысымен іс бірінші сатыдағы сотқа қайтарылды. Яғни, Жоғарғы Соттың кассациялық алқасы консерві зауытының пайдасына қабылданған соттардың барлық шешімдерін жойды. Енді іс БҚО ауданаралық экономикалық сотына жолданды. Барлық сот процестері зауыт жағында шындық бар екенін және әкімдіктің барлық шешімдері заңсыз екенін айқын көрсеткені», – деді заңгер.

«Кублей» ісіндегі сотта неігзі қарсылас Орал қаласы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Қазір БҚО-ның экономикалық соты істі қайта қарауда. Бірақ зауыт өкілдерінің сөзінше, іс насарға шаба бастаған.

«Біз «Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын бекіту туралы»,»егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын бекітуді түзету туралы » қаулыларды және әкімдік нысаналы мақсатын өзгерткен қаулыны заңсыз қабылдаған әкімдік деп санаймыз. Прокуратура өз актілерінде әкімдіктің заңсыз әрекеттері туралы нақты баға берді. Алайда бұған ешкім назар аударғысы келмейді», – деді баспасөз мәслихатында Бақытжан Базарбек.

Заңгердің сөзінше, істі қарау кезінде индустрия министрлігінің Құрылыс және ТКШ істері комитетінің, сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және салауаттылық комитетінің мәліметтері ескерілген. Бұл органдар бірауыздан Орал әкімдігі қаланың 2014 жылғы бас жоспарын бұзуға құқығы жоқ деп мәлімдеген.

«Үйлер өнеркәсіптік аймақта орналаспауы керек. Өйткені, онда құрылыс нормалары мен санитарлық ережелерге сәйкес көп пәтерлі тұрғын үйлер салуға тыйым салынады. Себебі бұл жерде тұратын адамдардың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Әкімдік қоршаған ортаға келетін зиянды тексермейді, бірақ уәкілетті органдардың келісімінсіз шешім шығара береді.  Құрылыс жобасының өзі санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз және экологиялық сараптамасыз өтеді. Сотта жобалаушы құрылыс салушының мүддесі үшін әрекет етеді және бас жоспарды елемейді», – деді Бақытжан Базарбек.

Зауыттың қасына салынған құрылыс компаниясының артында аймаққа үстемдігі жүретін танымал тұлғалар тұр. Құрылысты БҚО-на танымал кәсіпкер Жанар Ирменоваға тиесілі компания салған. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің де пікірі анық айтылған. Көппәтерлі тұрғын үйлер сот актісімен заңдастырылған жағдайда, 2024 жылы «Кублей» зауыты жаңа санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды ала алмайды.  Ал оның болмауы өндіріс қызметінің тоқтатылуына әкеледі. 700-ден астам адам және 2,5 мың шаруа қожалығының өнімін алатын зауыт жұмысын тоқтатуға тура келеді. «Кублей» зауыты 50 жылдан бері өнеркәсіптік аймақта орналасқан. Зауыт жүздеген өнім түрімен ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, отандық азық-түлікті экспортқа да шығарады.

«2015 жылы біз өнеркәсіптік аймақта зауыт салдық, қабылдау актісіне әкімдіктің өзі қол қойды. 2020 жылдың наурыз айында «Циалковский» ТК құрылысы басталды. 2022 жылдың мамырында ГАСК тексеру жүргізіп, тұрғын үйлердің құрылысы рұқсат құжаттарынсыз жүргізіліп жатқанын анықтады және құрылысқа тыйым салу туралы бұйрық шығарды. Осыған қарамастан әкімдік жер учаскесінің нысаналы мақсатын өнеркәсіптік аймақтан тұрғын үйге қайта өзгертті, осылайша осы учаскесіндегі үйлерді орналастыруды заңдастырды», — деді «Кублей» ЖШС бас заңгері Гүлфия Қалиева.

«Сот істі біржақты қарап отыр…»

Әкімдікпен сот жарыссөзінде сегіз рет тыңдалым өткен. Зауыт заңгерлерінің айтуынша, заң бұзушылықтар тек жауапкерлер тарапынан ғана байқалмады, судьялардың өздері де бұл іске біржақты қарап келеді.

«Қазіргі уақытта сот 2022 жылдың 24 қазанында аяқталатын іс жүргізу мерзімдерін бұзып жатыр және келесі отырысты 4 қарашаға белгіледі. Егер сот іс жүргізу заңнамасын бұзса, онда қандай сот төрелігі туралы айтуға болады?! Сонымен қатар, жеке субъект мен мемлекеттік органның ережелері тең емес», – деді «Кублей»ЖШС заңгері Жәнібек Башанов.

Экономикаға тигізер зияны

Зауытқа қатысты шыққан дауға депутаттар да, қоғам қайраткерлері де пікір білдіріп, әкімдіктің әрекетін айыптады. Қоғам қайраткері Мұрат Әбеновте баспасөз жиынына қатысып, пікірін білдірді. Оның сөзінше, өндірісінің жабылуы Қазақстан экономикасына айтарлықтай зиян келтіреді.

«Кублей» – бұл қазіргі уақытта тұтынылатын консервіленген өнімдер. Зауыт күніне 600 мың банка шығарады, бұл өнім нарықта үлкен сұранысқа ие екенін білдіреді. Үш мыңға жуық фермер осы зауытқа ет өткізеді.  700-ден астам адам тығыз жұмыс істейді. Егер зауыт жабылса жағдайдың қалай болатынын анық», – деді Әбенов.

«Кублей» өнеркәсіптік кәсіпорны Қазақстан нарығында шамамен 30 жыл жұмыс істейді және консервіленген өнімдерді өндіру бойынша отандық нарықтың көшбасшысы болып табылады. Бүгінгі таңда ЖШС көптеген марапаттарға ие, оның ішінде жоғары сапасы үшін «Алтын Сапа» сыйлығында алған. Консервіленген балық етінің түрлерінен бөлек бұршақ, бұқтырылған сиыр еті, қой етін өңдеп, томаттың да түрлерін шығарады. Консервіленген сүт те нарықтан орнын тапқан. Тіпті, тауық пен балықтың, малдың сүйегін де кәдеге жаратып, құс азығы ретінде шетелге экспорттайды.

«БҚО ауыл шаруашылығы тоқырауға ұшырайды…»

Толығымен автоматтандырылған, еуропалық жабдықтар орнатылған зауытта 650 адам жұмыс істеп келген. Ет өңдеу ценында бір ауысымда 250 бас ірі қара, 700 бас қойға дейін сойылып, ет өңделеді. Батыс өлкедегі балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер, мал өсіріп, тауық асырайтын көптеген ірі қожалықтар өнімдерін осы компанияға өткізіп келген.

«Болып жатқан жағдай – шаруаларға жасалған қастандық, комбинатты тығырыққа тіреп, аймақтағы ауыл шаруашылығын құртып, осы саладағы кәсіпкерлерді банкротқа ұшырату. Ауыл шаруашылығын дамытуға арналған коммиссияның мүшесі, депутаты ретінде комбинат бұдан кейін де жұмысын жалғастырып, халыққа пайдасын тигізе беруі керек. Бұндай ірі комбинат тек батыс өлкеде ғана емес, бүкіл ел көлемінде біреу ғана. 600-700 адамға жұмыс тауып беріп отыр. Онсыз да импорт қаптап тұрғанда елдегі ірі комбинатты жапса, онда бұдан ары қарай батыс халқына шаруашылықпен айналысудың мәні жоқ», – деп пікірін білдірген еді БҚО мәслихатының депутаты Серік Жұмабергенұлы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған