Қазақстан мұнайын экспортқа айдайтын Новоросийскідегі Каспий құбыр желісі консорциуымының екі құрылғысы жұмысын тағы да тоқтатқан. Бұл жөнінде Reuters хабарлады.
«КТК екінші құрылғыны техникалық тексеріске байланысты 17 тамыздан бастап тоқтатты, бірінші құрылғы да осындай себеппен тамыздың басынан бастап тоқтатылған», — дейді Reuters. Үшінші құрылғы мұнай айдап тұр.
Кейінгі айларда КТК құрылғылары бірнеше рет тоқтаған.
Наурыз айының соңында консорциум теңіздегі дауылдан кейін құбыр құрылғыларына елеулі нұқсан келгенін мәлімдеген. Германияның Handelsblatt газеті кейін зерттеу нәтижесін жариялаған. Онда авторлар «негізгі себеп дауыл емес, Ресей Қазақстан мұнайын Еуропа нарығына шығармауға тырысқан» деген тұжырымға келген.
Маусымның 15-і мен 25-і аралығында КТК Қазақстан мұнайын тек бір құрылғымен ғана айдаған. Онысын «су астындағы қауіпті заттарды жоюға дайындық жұмыстарымен» байланыстырған.