Фото: Jung Yeon-je/afp Via Getty Images
Оңтүстік Корея президенті бүкіл елге әскери жағдай жариялады. Аяқ астынан дүрбелеңге түскен Оңтүстік Корея соғыс жағдайына көшкен соң, Сеулдегі елшілік Қазақстан азаматтарын аса сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Qazaq.today.
Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы Елшілігі Әскери жағдайдың енгізілуіне байланысты Кореяда жүрген азаматтарға тәртіп пен талапты қатаң сақтауды сұрады. Шұғыл үндеу олардың ресми Instagram аккаунтында пайда болды.
«Корея Республикасының Президенті Юн Сок елдегі әскери жағдайды жариялауына байланысты Корея Республикасының аумағында орналасқан Қазақстан азаматтарын тыныштықты сақтауға, жергілікті биліктің ұсынымдарын қатаң сақтауға және бұқаралық іс – шараларға қатысудан бас тартуға шақырамыз», — делінген хабарламада.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда қазақстандықтардан +82-10-6572-9311 жедел желі телефоны арқылы елшілікке дереу хабарласуды сұрайды. Еске салайық, Оңтүстік Корея шұғыл түрде соғыс жағдайына көшіп, әскери режим енгізілді. Корея президенті бұл шараны либералды конституциялық тәртіпті коммунистік күштерден қорғау үшін қажет деп атады.
Соғыс жағдайын енгізу туралы Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль мемлекеттік телеарнадан хабарлады. Оның айтуынша, қауіп Солтүстік Кореядан да, жергілікті «мемлекетке қарсы элементтерден» де туындап отыр. Президент оларды жою қажет деп санайды.
Президенттің ұлтқа үндеуінің мәтіні де жарияланды. Онда ол оппозицияны Үкіметтің негізгі қайраткерлері мен шенеуніктеріне импичмент жариялауға тырысып, мемлекеттің жұмысын парализдеді деп айыптайды. Оның айтуынша, жаңа үкімет жұмыс істей бастағаннан бері (сайлау осы көктемде өтті) Ұлттық жиналыс 22 мемлекеттік қызметкерге, оның ішінде бірнеше прокурорға, ішкі істер министріне және қорғаныс министріне импичмент жариялаймын деп қорқытқан.
«Бұл Кореяның еркін Республикасының конституциялық тәртібін бұзатын және азаматтық соғыс тудыру үшін Конституция мен заңдарда белгіленген заңды мемлекеттік институттарды бұзатын мемлекетке қарсы айқын әрекет», – деді Юн Сок.
Ал Парламентте басым дауысқа ие елдегі оппозиция әскери жағдайға көшу режимімен келіспей, билікті айыптады. Соңғы рет Оңтүстік Кореяның әскери режимге көшуі 1979 жылы орын алды. Диктатор Пак Чонг Хи өлтірілгеннен кейін ел соғыс жағдайына көшкен еді.