2024 жыл Қазақстан тарихында ерекше орын алатын жыл болып отыр. Елімізде бірқатар елеулі өзгерістер болды. Мемлекет басшысы Қасым –Жомарт Тоқаев өткен жылы 1 қыркүйекте «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағытты» атты халыққа кезекті Жолдауын жасаған еді. Одан бері де бір жыл өтті. Жолдауда сот реформасына қатысты да бірқатар мәселелер айтылды. Мемлекет басшысы Жолдауда: «Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды» деп баса айтты.
Президентіміз де әрдайым жиі қайталап отыратын бір дүние бар: әділдік және адалдық болуы керек. Адал азамат қалыптастыру маңызды екенін айтады.
Конституцияға сәйкес биліктің бір тармағы – ол сот билігі болып табылады. Және де осы сот билігіндегі реформалар мемлекеттегі заңдылық пен әділдікке өте қатты әсер етеді.
Жолдауды орындау бағытында бізде арнайы кассациялық сот құрылып отыр. Кассациялық сот дегеніміз – қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша үкімнің заңдылығын қайта қарауға мүмкіндік беру. Жергілікті жерде қалалық немесе аудандық соттың шешіміне не үкіміне риза болмаса, тараптар аппелляцияға барады. Апелляциядан кейін кассацияға келген кезде бір ғана судья тараптарды шақырмай, «кассациялық алқаға беруге негіз жоқ» деп жарты бер қаулы шығарып қайтарып жіберетін еді. Ал кассациялық соттар құрылғаннан кейін тараптар оған шағымдарын айта алады. Өңірлерде шыққан сот үкімінің заңдылығын жоғарғы сатыда қайта қарауға мүмкіндік алады.
Өйткені бұрын бізде азаматтар жиі шағымданатын. «Жоғарғы сот біздің арызымызды қарамайды, қайтарып жібереді. Өйткені бір-ақ адам шешімді қарайды» дегенді жиі айтатын. Осы реформаға сәйкес кассациялық сатыда кез келген іс міндетті түрде сот құрамымен қаралатын болады. Сондықтан бұл азаматтардың құқын қалпына келтіретін, заңсыздықтың болмауын қадағалайтын үлкен қадам.
Алайда бұл Заң жобасы әлі де дамытуды қажет етеді. Өйткені Конституция бойынша бізде Жоғарғы сотта іс қарау құқы бар.
Сондықтан біздің елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен бірқатар салада маңызды өзгерістер болып жатыр. Ол экономика және әлеуметтік салада, сосын сот тармағында іске асырылуда. Бұл реформа әлі де жетілдіріле түседі деген ойдамыз. Президент бұл мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді. Сот саласында түбегейлі реформалар орын алып, елеулі өзгерістер болып жатуы – осының дәлелі.
Президент биылғы Жолдауында да осылардың бәрін қорытындылай келе, жаңа бір реформаның жолын көрсетуі мүмкін. Өйткені құқықтық заңдылық – әрбір азаматтың басынан өтетін жағдай. Заң болса, мемлекет те дамиды, әлеуметтік сала да дамиды. Адамдардың мемлекетке, билікке деген сенімі күшейіп, наразылығы азаяды.
Айыпхан Мухамедиев,
заң ғылымының кандидаты