Конаев қаласында Ұлттық спортты дамытудың халықаралық семинары өтті

Алматы облысында алғаш рет ұлттық спорт түрлері бойынша семинар өтті. Жиынға Қырғыз елінен сарапшылар арнайы шақыртылды, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі. Қырғыз елінің мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі, жастар саясаты басқармасының басшысы Талайбек Бердиев пен Қырғыз елі Дүниежүзілік көшпенділер ойындары хатшылығының басшысы Нұрсұлтан Әденов елімізде ұлттық спортты дамыту бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.

Шара ұлттық спорт түрлерін дамыту және таныту мақсатында ұйымдастырылды. Қазақ ұлттық спортының бүгiнгi келбетi жайында айтылды. Екі тарап ынтымақтастықта жұмыс жасау мәселесін талқылады.

«Ұлттық спорт тек спортты ғана емес, өскелең ұрпақты тәрбиелеуді де қамтиды. Біздің елдер ұлттық мәдениетті уақытында жандандыра бастағаны қуантады. Себебі, ата-бабаларымыз осы ойындармен өскен. Ұлттық ойындарда терең философия, тәрбиелік мән жатыр»,- деді дүниежүзілік көшпенділер ойындары хатшылығының басшысы Нұрсұлтан Аденов.

Семинар аясында дәстүрлі мәдениет және дәстүрлі спорт түрлері саласындағы ғылыми зерттеулерді беру, балаларды оқыту әдіснамасының базасын құру және тағы басқа бірлескен жобалар талқыланды. Бұдан бөлек Алматы облысының әкімдігі мен Қырғыз елінің дүниежүзілік этноойындар конфедерациясы мемлекеттің ұлттық спорт саласындағы саясатын іске асыруға және өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға бағытталған меморандумға қол қойылды.