«Хутор» бандасының басшысы делінген Хасан Қасымбаевтың анасы Мемлекет басшысынан істің әділ тергелуін талап етіп, көмек сұрады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
Ресми мәлімдемесінде Гүлнар Нұракенова ұлының жазықсыз екенін айтады.
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа үндеу жариялаймын! Менің баламның ісін әділетті түрде шешіп беруіңізді, өз назарыңызға алуыңызды сұраймын! Баламды жазықсыздан-жазықсыз қаралап отыр. Оның ешқандай кінәсі жоқ. Соның бәрін зерттеу керек. Заң органдарынан жауап күтемін. Сол үшін келіп отырмын, — деді ол.
Еске салайық, Алматы облысы полиция департаменті тергеуді өз бақылауына алып отыр. Әзірге тергеу мүддесі үшін өзге ақпараттар жарияланбайды. Шерзаттың өлімі арқылы Талғардағы бассыздықтар мен түрлі қылмыстық оқиғалар бірінен соң бірі ашылып жатыр. Талғардағы оқиға биліктің жұмысына деген қоғамның наразылығын туғызды, елде әділетті заң орнайды дегенге күмән келтірген оқиғаның бірі болды.
коллаж inbusiness.kz