Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов еңбекті қорғау мәселесі туралы тапсырма берді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Айтуынша, еңбекті қорғау мәселесінде жұмыс берушілердің өздерінің рөлі мен қатысуы өте маңызды.
Жұмыс берушілердің жұмыскерлермен жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасасуын қамтамасыз ету қажет.
Жалпы, кәсіпорындарда жарақаттануға мүлдем төзбеушілік қағидатын, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес келетін кәсіби тәуекелдерді бағалау мен басқару жүйесін белсенді түрде енгізу қажет, — деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету шараларын күшейту мақсатында тапсырмалар берді.
Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1-ші қарашасына дейін жұмыс берушілердің өндірісте жарақат алу фактілерін жасыруын болдырмау бөлігінде заңнамалық түзетулер әзірлеуі қажет. Өнеркәсіп министрлігі жұмыс берушілермен бірге жыл соңына дейін өнеркәсіп орындары мен құрылыс секторында өндірістік қауіпсіздікті және еңбекті қорғауға арналған арнайы жабдықтарды міндетті түрде орнатуды қамтамасыз етсін, — деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігі осы жылдың соңына дейін кәсіпорындарға өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларына сәйкестігі тұрғысынан тексеру жүргізуге тиіс.