Килиан Мбаппе ресми түрде «Реал Мадрид» ойыншысы атанды

Фото: Реал Мадрид ФК

Франциялық футболшы Килиан Мбаппе ресми түрде испаниялық «Реал Мадрид» командасының ойыншысы болды. Бүгін «Сантьяго Бернабеу» стадионында футболшыны салтанатты түрде таныстыру рәсімі өтті. Аталған шараны тамашалауға 80 мыңнан астам жанкүйер мүмкіндік алды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі inform.kz-ке cілтеме жасап.

Бұған дейін 25 жастағы ойыншы Францияның «Пари Сен-Жермен» клубында өнер көрсетті. 2024 жылдың мамыр айында ол командадан кететінінін ресми түрде мәлімдеді.

Реал Мадрид
Фото: Реал Мадрид ФК

Салтанатты шара кезінде Мбаппе арманындағы клубтың бір мүшесі болғанына қуанышты екенін жеткізді.

«Мен бақыттымын. Арманымның орындалғанына қуаныштымын. Өмірімді осы клубқа арнаймын. Hala Madrid!», — деді Килиан.

Футбол
Фото: Реал Мадрид ФК

Танымал футболшы үлкен футболдағы алғашқы қадамын 2015 жылы Францияның «Монако» клубында бастады. 2017 жылдан бері «Пари Сен-Жермен» сапында 256 гол соқты. Соңғы маусымда ол франциялық командада 48 ойында 44 гол соғып, 10 нәтижелі пас берді.

Килиан
Фото: Реал Мадрид ФК

Ол «Реал Мадрид» клубына еркін агент ретінде ауысты. Жаңа командада 9 нөмірмен өнер көрсететін Килиан Мбаппе клубпен 2029 жылға дейін келісімшартқа отырды.

Франциялық шабуылшы корольдік клуб сапында жылына 54 млн еуро табыс табады. Футболшының трансферлік құны 180 миллион еуроға бағаланып отыр.