Киікті қазақ бағады, қызығын ресейліктер көреді – депутат

Қазақ даласындағы киіктің саны кемі 3 миллионға жетті. Бұл табиғат қорғаушыларының, эко-белсенділердің және үкіметтің бірлесе жүргізген жұмысының нәтижесі деуге болады. Олар жыл сайын осынау жануарларды браконьерлерден қызғыштай қорып келді. Түрлі аурулардың таралуына да жол бермеуге тырысты. Енді міне, кезінде жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұрған киік популяциясы Қазақстанда қайта қалпына келе бастады.

Алайда, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Серік Жарылғаповтың айтуынша, қазақтар бағып өсірген киіктің қызығын көрші Ресейдің халқы көріп келеді екен. Біздің елде бұл жануарды атуға, өлтіруге, аулауға, тіпті өз ажалымен өлген бөкенге тиісуге де болмайды. Мүйізіне қолың тисе қос білекке кісен салынады. Бірақ… жаз бойы қазақ даласында төлдеп көбейген жануарлар Ресейдің аумағына көшкенде оларды жергілікті халық қынадай қырып салады. Волгоград, Саратовтан қалмақ даласына дейін жайылып кететін киіктер Ресей аңшыларының негізгі «азығы» дейді шекарадағы ағайындар.

Қазақстанда киік популяциясы қалпына келгені сол екен, Үкімет 80 мың бас бөкенді аулаймыз деп жұртты дүрліктірді. Себеп – саны артқан жануар батыс өңірлердегі егіс алқабын бүлдіріп жатқан көрінеді. Алайда, қоғамда туған резонанстан кейін бұл мәселеге Президенттің өзі араласып, ақыры Ауыл шаруашылығы министрі мен Экология министріне сөгіс беріп тынды. Енді Үкімет киікті атпай мәселені шешуі керек.

«80 МЫҢ КИІКТІ АТУМЕН МӘСЕЛЕ ШЕШІЛМЕЙДІ…»

Экология министрлігінің мәліметінше, ақбөкеннің қазақ даласындағы саны 1,3 млн. Бірақ, бұл санға ғалымдар да, батыста базынасын айтқан шаруалар да, тіпті депутаттар да сенбейді. Олар ресми мекемелер ұсынған сан ескі деп санайды. Көктемде қос-қостан егіз тапқан киікке қайта санақ жүргізілмеген. Министрлік ұсынған статистика бойынша, тек Орал популяциясының саны былтырдың өзінде 800 мыңнан асқан. Киікті қорғаумен «Охотозоомпром» мекемесі айналысса, олардың жұмысын аумақтық инспекция қадағалайды. Инспекция дүйім елді дүрліктірген мәселенің тым ушығып кетуі киік санын көптен бері реттелмеуінен деп санайды.

«2017 жылға дейін киіктің мәселесі мүлдем айтылмайтын. Проблема 2018 жылдан басталды да, кейін киік санының өсуіне байланысты жағдай тым күрделеніп кетті. Жылдам жүретін жануар жерді таптап өтеді. Шаруалардың киіктен келген шығынды  есептетіп жүретін уақыты жоқ.

Үй жануары мен киік қазір бірге жайылып жүр. Аурудың тарау мүмкіндігі өте жоғары. Бір біріне жұғады. Қауіптің алдын алудың бірден бір жолы – киік санын реттеу. Биыл бұл жануарлар Ақжайық, Тасқала, Бәйтерек  аудандарына да кіріп кетті. Бұрын бұл жаққа мүлдем келмейтін. Мұнда шабындық қана емес, егістік алқаптары да бар. Киіктің көбеюі шаруаға өте қиын соғып жатыр. 700-ге жуық шаруа қожалығы зардап шекті. Төлін есептемегеннің өзінде осы аудандарда жүрген киіктің саны 801 мың.

Киік экономикаға елеулі қауіп тудырған кезде реттеуге жататыны заңда анық жазылған. Қорғауға, өсіруге және реттеуге жатады. Реттеу деген сөз халық пайдасын да көруі керек дегенді білдіреді. Киікті реттеу жұмыстары көп уақыт жүргізілмеді. Оларды атпай, тор арқылы ұстауға да болады. Әдісі көп. Бірақ, 80 мың басты реттеу мәселені шешпейді», — дейді БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов.

«САНАҚ ӨТІРІК ЖҮРГІЗІЛЕДІ…»

Киіктің көп шоғырланған жері БҚО-ның Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы және Жаңақала аудандары. Ресеймен шекаралас осы аудандардың аумағындағы киіктің саны 2 миллионның шамасында деп санайды профессор Қазыбай Бозымов. Ғалымдардың зерттеуінше, бір киік тәулігіне 6 келіге дейін шөп жесе, 4 литрге дейін су ішеді. Суды Ресейден сатып алатын өлке үшін бұл да үлкен проблема. Су тапшы, егіс тақыр.

Іс насырға шапқан соң БҚО-дағы төрт ауданның аумағында резерват құрылды. Мақсат киікті қорғау, бір аумаққа шоғырландыру ғана емес, сумен де қамтамасыз ету. 600 мың гектарға 200 мың киікті шоғырландыру көзделген. Мамандардың пікірінше бұл да мәселені толық шешпейді.

«Киік сексен түрлі шөп жейді. Егер Орал популяциясы бойынша батыста 300 мыңға дейін киік жүрсе ешкімге зияны тимейді. Одан көбейсе елге де, жерге де сыймайды. Көбейген сайын ауру тарауы да мүмкін. Азық қоры жетпейді.

Зоология институты, өзге де мекемелердің мамандары қатысқан жиналыста мен санақтың шындыққа сай емес екенін айттым. Олар былтыр киік 545 мыңға, биыл 800 мыңға жетті деді. Ол статистика өтірік. Мәселен, 545 мыңның 45 мыңы өлді, 100 мыңы теке деп есептегеннің өзінде, 400 мың киік былтыр төлдеді. Егізден табады. Сонда ұрғашысы мен төлінің саны түрлі шығындарды алып тастағанның өзінде 900 мыңға жетті. Бұл былтырғы көрсеткіш. Биыл олардың осындағы саны жоқ дегенде 1,8-2 млн аралығында.

Біз мұны айқаймен шеше алмаймыз. Дүние жүзінде киіктің 95% Қазақстанда. Оның 80% Орал популяциясы. Одан бөлек Ақтөбедегі үстірт және Бетбақдала киігі тағы бар. Осының бәрін 1,3 млн деу ақылға сыймайды. Бәрін қосқанда Қазақстандағы киіктің саны 3 миллионнан асады.

Бөкенді брендке айналдыруға болады. Киік қандай және қанша шөп жейтініне дейін зерттедік, арнайы питомник ашып, университеттің ондаған ғалымы осымен ұзақ жыл айналысты. Киік жүрген жерін тұяғымен құнарландырып отырады. Шөптің тамырын емес, басын ғана жейді. Киікті атпау керек, бірақ бәрібір реттеу қажет», — деді Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Қазыбай Бозымов.

«КИІКТІҢ МҮЙІЗІН ӨРТЕП ЖОЙЫП ЖІБЕРУ – ТОПАСТЫҚ…»

Мамандар мемлекет киік санын реттеуден де, оның пайдасын көруден де кешіккен деп санайды. Ақбөкен аса өсімтал жануар. Тіршілікке төзімді, өміршең келеді. Ұрғашы киік өмірінде 6 рет төлдесе, текесінің 70% бір айлық күйікке түскен соң өліп қалады. Есесіне мамырда туған құралай желтоқсанда текеден қашады. Алғашқы жылы біреуден лақтаса, келесі жылы екіден, үштен төлдейді. Ақбөкендер бір бірінің лағын емізе береді.

Барконьерлердің шабулына жиі ұшырайтындықтан киікті күзету соңғы төрт-бес жылда қатал жүргізілді. Бөкенді атпақ түгілі, табиғи жолмен өлген киікке жолағандар қатал жазаланды. Есесіне бөкен ша¬мадан тыс көбейіп үлгерді. Көбейтуді білгенмен, қолдануды ұмыт қалдырған қазақ билігі күрделенген істің күрмеуін шеше алмай жатыр. Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Серік Жарылғапов жауапкершілікті жалғыз Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне артып қою жөнсіз деп санайды.

«Киіктің қиындығын қазақ, қызығын орыстар көріп отыр. Біз Ресей Федерациясының бес облысымен шекараласпыз. Кейбір жерлерді тек өзен ғана бөліп тұр. Киік өзеннен ары Ресейге өткенде, ауылдың тұсына жақындағанда автоматпен қырып салады, ал оны баққан біздің жақ өлген киіктің өлексесіне де жолай алмайды. Заң солай. Жақсыбай ауылының шаруалары бергі беттен қырылған киікке қарап тұрады. Ресейлік шекарашылары, милициясы бар, тұрғындарымен бәрі қоса жабылып атады киікті. Тегін ет, мол пайда. Оларда біздің жақтағыдай киікті қорғайтын инспекция жоқ. Олар етін жеп, кәдесіне жаратып отыр.

Қасқыр, қоян көбейіп кетсе де реттеледі. Атуға, аулауға рұқсат етіледі. Обалына қалмай, ысырап қылмай реттеп, неге осы киікті пайдаланбасқа?! Бұл мәселені шешуде тек Серікқали Брекешевтың министрлігі ғана емес, қаржы, сауда, ауыл шаруашылығы министрлігі де араласу керек. Азық-түлік қауіпсіздігі, етін сату, терісін, мүйізін, тіптен сүйегіне дейін кәдеге жарату өзге министрліктердің міндеті ғой. Бәрі бұғып отыр. Санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті, ветеринарлық бақылау комитеті қайда? Осылардың бәрі бір столға жиналғанда 80 мың басты ату деген сөз шықпас еді. Жыл сайын жүздеген миллион теңгенің мүйізін жойдық деп мақтанып жатады. Сұранысқа ие, кәдеге жарайтын, дәрілік қасиеті бар, мемлекетке пайда әкелетін, өз елінің байлығын өртеп жібердік деу топастық, тоқыраушылық. Неге оны заңды түрде сатып, кәдеге жаратпасқа? Неге ғалымдарды пайдаланып, қажетті дәрілік өнімді шығармасқа? Қазаққа құдай бере салған дүниені ысырап ету бұл», — деді облыстық мәслихаттың депутаты.

«ХАЛЫҚТЫ АРЗАН, ӘРІ САПАЛЫ ЕТПЕН ҚАМТУҒА БОЛАДЫ»

Киіктің киесі бар деп қоя салу жауапкершіліктен құтқармайды деп санайды осы саланың айналасында жүрген мамандар. Іс насырға шапса, шаруалар бас көтеріп, жайылымға талас басталуы мүмкін. Осы күнге дейін өсірген миллиондаған малдан да айрылып қалу қауіпі төнеді. Қазаққа құдай берген байлық бөкенді орынды пайдалана алмау барды бағаламау деп санайды бұл өлкенің адамдары. Тек браконьерлерді жолатпай, қатаң қадағалау арқылы киік санын реттеу керек. Айтуларынша, сатылымға шығарса киік еті қой етінен екі есеге дейін арзан болады.

«Кеңес кезінде дүкендерде киіктің еті сатылып тұратын. Біз неге халықты арзан, әрі құнарлы етпен қамтамасыз етпейміз? Киік киелі, бірақ қазақ үшін жылқы да киелі ғой.  Алдымызда қоян жылы келе жатыр. Киіктің саны 4 миллионға жетеді. Сол көктемде, қуаңшылықта қиындығы қатар келетін қоян жылында бұл проблемадан қалай шығамыз? Мен жоғарыда атап өткен министрліктер бірігіп, бір шешімге келу керек. Бір біріне қарама қарсы заңдарды реттеу керек. Заңы басқа, нормативік актілері басқа. Ауылда малмен күн көрген қарапайым қалықтың қандай кінәсі бар? Шамадан тыс көбейіп кетсе киік қырылып қалады. Сол табиғи апатқа жеткізбей реттеп отыруымыз керек. Қол қусырып отырсақ мұның соңы жақсылыққа апармайды», — деді Серік Жарылғапов.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке сөгіс жариялап, қазақ халқы үшін киелі саналған киіктерді атудан басқа амал іздеуді тапсырды.

Материал: Azattyq Ruhy 

3