Кез-келген елде бюджеттің негізгі тірегі — салық — Айбар Олжай (ВИДЕО)

«QASQA JOL» ютуб бағдарламасының бұл аптадағы қонағы қаржы саласының маманы, журналист Айбар Олжаев еліміздегі қосымша құн салығының көтерілуі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«2006 жылы елімізде ҚҚС бағасы 16 пайыз болған. Сол жылдан бастап мұнай бағасы көтеріле бастағанда Қазақстан экономикадағы популистік лозунгтар мен популистік шешімдер жолына еріп кетті. Мұнай бағасы шарықтағанда біздің экономикамыз да аздап тоқмейілсізді десек те болады. Сол кездегі біздің ең бірінші популистік шарамыз ҚҚС арқылы кәсіпкерлерге көмектесейік деп, оны 12 пайызға түсірдік. Ондағы біздің пайымымыз ҚҚС-ты түсірсек, инфляция да түседі деген ой болды. Бірақ ҚҚС бағасы 16-дан 12 пайызға түскенде инфляция түскен жоқ, сол күйі тұрды. Сол себепті ҚҚС бағасының түсуі кәсіпкерлікті қолдауға ешқандай эффектісін берген жоқ. Жалпы кез-келген елде кәсіпкерлерді қолдаудың екі-ақ жолы бар. Бірінші — заңды дұрыстау, яғни бизнес иелері үшін елдегі заң өте қолайлы болу керек. Екіншісі — кредиттік каникул. Ал біздің елімізде кәсіпкерлер үшін барлық жағынан қиындау, кәсіп ашсаң тексеріс көбейеді, жан-жақтан қысым болады, оның барлығы алға жылжуға әсер етеді», — деді қаржы маманы.

Оның айтуынша, кез-келген елде бюджеттің негізгі тірегі — салық. Ал қазіргі уақытта біздің елде салықтан жиналған ақша 12 трлн теңгеге жуықтап қалған.

«Мемлекет жеке адамдардан салық жинайды, сөйтіп оны бөледі. Ол — бюджет, яғни бюджеттің кіріс бөлігі, шығыс бөлігі бар. Ал мемлекеттің функциясы ақшаны әділ жинап, оны әділ үлестіру. Яғни, ақшасы бар адамдар салық төлейді, ал ақшасы жоқтарға бюджеттен көмек барады. Негізінен салықтың көп бөлігін ҚҚС беруі керек. Қазақстан не үшін өткен жылы 7 трлн теңге қарыз алды. Қазіргі қоғамда кредиттен кредитке күн кешіп жүрген жағдай, мемлекеттің де басынан өтіп жатыр. Осы жерде айта кеткен жөн, экономикалық өсудің негізі қаржылық тұрақтылыққа байланысты. Өйткені бұлар бір-бірімен тығыз байланысты, біреуін өсіру үшін біреуін құрбандыққа шалуға болмайды. Мысалы, үнемі мұнайға сенім артып отыра беруге де болмайды. Оның да бағасы бірде шарықтап, бірде құлдырайды. Сол себепті бізге қаржылық нарықты тұрақты ұстап тұратын экономикалық негіз керек», — деп қорытындылады ол.