«Әкемнің жетісін, қырқын, жылдығын бермеймін»: Жылой ауданының тұрғыны туыс-таныстарының өзіне көңіл айтып келуіне тиым салды (ВИДЕО)

Жылыой ауданының тұрғыны әкесіне арналған дәстүрлі ас беруден бас тартып, бұл туралы әлеуметтік желіде мәлімдеген. Ол жетісі, қырқын, жылын бермейтінін, сондай-ақ көңіл айту рәсімдерін өткізбейтінін айтып, жақындарын да түрлі рәсімдерді өткізуден бас тартуға шақырды.

«Барша жамағатқа хабарлаймын, сондықтан әкемнің жетісі, жылы, қырқы деген болмайды. Ал енді дұға оқи алмадық деген адамдарға айтарым, жақсылап дәреттеріңді алыңдар, өз шаңырақтарыңда, болмаса мешітте дұға жасаңдар. Әкем мен Алла осыған разы болады», — деді ол.

Аталған видео әлеуметтік желіде тарап, қоғамда түрлі пікір тудырды. Осыған байланысты Жылыой ауданының имамы Жасұлан Қазғали түсініктеме берді.

«Бұл видео бес жыл бұрын, COVID-19 пандемиясы кезінде түсірілген. Сол кезде Құлсары қаласының бір тұрғыны маған келіп, халыққа азық-түлік таратуға көмектесуімді сұрады. Себебі карантинге байланысты адамдар жинала алмайтын еді. Біз мұқтаж жандарға жәрдем беруге келісіп, сол кезде осындай шара жасадық», — деп түсіндірді имам.

Жасұлан Қазғали қазіргі уақытта кейбір адамдар бұл видеоны имамдарға қарсы қоғамдық пікір қалыптастыру үшін әдейі пайдаланып жатқанын атап өтті.

«Әкең қарғап жатқан шығар», «Осындай ақымақтар қайдан шығады?», «Мынау басқа жолда жүрген пенде», «Ұят жоқ екен», «Сені дүниеге әкелген әкең жылап жатқан болар», «Салафиттер көме салады» деген сыни пікірлер жазылып жатыр.

Instagram

Фото: видеодан кадр