«Келінімді араластырмаңдар»: Берденовті атқан Ернар Жиембайдың әкесі қатал үн қатты

Шымкент қаласы әкімінің орынбасарын атып тастаған Ернар Жиембайдың әкесі отбасындағы ауыр ахуалды айтты. Жиембай Пралиев атышулы іске келінін араластырмауды өтінді, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі.

Қайын атасы Шымкент әкімінің орынбасары келініне қырындады деген ақпараттың өтірік екенін мәлімдеді.

«Құрметті қазақстандықтар, Шымкент қаласының тұрғындары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!
Біздің отбасымыздың атынан 21 сәуір күні орын алған қайғылы оқиғаға байланысты сіздерге үндеу жолдауды жөн көрдім. Ата-ана үшін бұл жағдай — нағыз ауыр соққы болды. Бүгінге дейін ұлымыз Ернардың осындай қиын жағдайдың ортасында қалғанына сене алмай отырмыз», — деді ол.

Пралиевтің сөзінше, келіні Руслан Берденовті мүлдем танымайды.

«Осы оқиғаға байланысты шын жүректен өкінішімізді білдіреміз. Қандай жағдай болмасын, бірінші кезекте Руслан Берденовтің тезірек сауығып кетуін тілейміз.

Біз тергеу мен соттың барлық жағдайды әділ, жан-жақты қарастыратынына сенім артамыз. Баршаңызды сабырға шақырып, нақты шешім шықпай тұрып, асығыс қорытынды жасамауды сұраймыз.

Ең бастысы – бұл жағдайға еш қатысы жоқ келінімізді араластырмауды өтінеміз. Ол Руслан Берденовті бұрын-соңды көрмеген де, танымайды да.

Осы қиын күндері қолдау білдіріп жатқан жандарға алғысымыз шексіз. Алда бізді ауыр кезең күтіп тұр, дегенмен әділдік пен адамгершілік жеңеді деп үміттенеміз», — деді күдіктінің әкесі Жиембай Пралиев.