Желіде мектеп жасындағы оқушы қыздарға шай құюды үйреткен орталықтың видеосы тарады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Астана қаласында орналасқан “Этикет” мектебінің жүргізген сабағы қоғамда қызу талқыға түсті.
“Балаңыз дұрыс отыруды, шәй ішуді және мәдениетті тамақтануды біле ме?! Этикет – адамның ішкі мәдениеті мен тәрбиесінің айнасы. Біздің сабағымызда балалар:
– Дұрыс отыру мен тұру әдебін;
– Шәй ішудің классикалық тәсілдерін;
– Дастарқан басындағы мінез-құлық пен құралдарды қолдану тәртібін үйренеді. Мәдениеттілік – кішкентай әдеттерден басталады”, – деп жазды орталық парақшасында.
Алайда желі қолданушылары мектеп жасындағы оқушы қыздарға шай құюды үйреткен мекеменің іс-әрекетін қатаң сынады.
“Қуыршақ ойнайтын кезінде шай құюды үйреткендері несі?!”, “Өмірді қиындатпайық”, “Ханшайымдай өмір сүруге емес, қызметші болуға үйретіп жатыр”, “Көзі ашық, көкірегі ояу, білімді, өз-өзіне барлық жағынан қорған болатын, аяққа нық тұра алатын ұрпақ тәрбиелейтін заман еді, мына тәтелеріміз қай заманда өмір сүріп жатыр?!”, “Қыздарды шай құю өнеріне қарап бағалайтын емес, жеке тұлға ретінде бағалайтын деңгейдеміз. Қатты керек өнер болып жатса, әркім келін болғанында үйреніп алар, бірақ балалық шақта емес”, – деп жазды көпшілік.