Қазақстандықтар үшін 2026 жылдан бастап несие және ипотека алу процесі күрделене түсуі мүмкін, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қазіргі уақытта осыған қатысты заң жобасын әзірлеп жатыр. Жаңа талаптар бойынша, қазақстандықтар ипотека немесе кредит алу үшін банкке жүгінер алдында бірнеше маңызды критерийге сәйкес келуі тиіс.
Енді егер сіз үй алуды немесе көлік сатып алуды жоспарлап отырсаңыз, банктердің қатаң талаптарына дайын болу керек. Егер төменде аталған шарттардың біріне сай келмесеңіз, сіз «тәуекелі жоғары» немесе қызыл топқа жатқызыласыз, бұл дегеніміз – несие алу мүмкіндігі айтарлықтай төмендейді. Атап айтқанда, егер:
• Кредиттік тарихыңыз 3 жылдан аз болса;
• Соңғы 12 ай ішінде несие төлемдеріңіз 30 күннен астам уақытқа кешіктірілген немесе 3 АЕК (11796 теңге) және одан көп сомаға кешігу болған болса;
• Бір мезетте 3 немесе одан көп қаржы ұйымынан несие алған болсаңыз;
• Қарыз жүктемесі айлық табысыңыздың 45%-ынан көп болса;
• Кірісіңізді растай алмайтын болсаңыз (мысалы, бейресми жұмыс істейтіндер үшін);
• Кредиттік тарихыңыз теріс болған жағдайда, сізге несие берілмеуі мүмкін.
Егер сіз «жоғары тәуекелді» деп танылсаңыз, банк несие бермес бұрын дефолт тәуекелін есептейді, яғни қарызды қайтару ықтималдығы қаншалықты жоғары екенін бағалайды. Егер дефолт тәуекелінің ықтималдығы 5%-дан жоғары болса, банк сізді қатаң бақылауға алуы қажет болады.
Бұл жаңа талаптар қазақстандықтар үшін келесі өзгерістерді білдіреді:
• Бейресми жұмыс істейтіндер немесе табысын растай алмайтындар үшін несие алу қиын болады;
• Егер төлемдеріңізді бірнеше күн кешіктірсеңіз, бұл келесі жолы несие алуыңызды қиындатуы мүмкін;
• Бірнеше банктен несие алғандар да тәуекел тобына енуі мүмкін;
• Банк сізге несие бергеннен кейін, тұрақты бақылау жүргізуі мүмкін, бұл болашақта жаңа несие алуға кедергі келтіруі ықтимал;
• Банктер салық декларацияларын тексеріп, бухгалтерлік және салық есептеріндегі сәйкессіздіктерді анықтайды. Егер негізгі қаржылық көрсеткіштер арасындағы айырмашылық 30%-дан асса, бұл да ескерілетін болады.
Бұл өзгерістер, әрине, ипотека алу үдерісін ашық етеді, бірақ бір уақытта қағазбастылықты көбейтеді. Банктердің тәуекелдерді азайтуға бағытталған әрекеттері жаңа бастаған кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және табысын дәлелдей алмайтын адамдар үшін қиындық туғызуы мүмкін.