Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына жыл бойы өзекті сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселесіне ерекше ден қойылғанын айтты, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
– Қазақстан мен ҰҚШҰ-ға мүше басқа да елдер аумағында бір уақытта «Наемник», «Канал», «Нелегал» және «ПРОКСИ» секілді арнайы операциялардың түрлі кезеңдері өтті. Бұл іс-шаралар халықаралық терроризмге, есірткі саудасына, заңсыз көші-қонға және ақпараттық ортадағы сын-қатерлерге қатысты қауіптің алдын алуды көздейді. Биыл біздің бастамамызбен алғаш рет заңсыз қару-жарақ, оқ-дәрі айналымына және ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл жөнінде консультациялар өтті. ҰҚШҰ аясында арнаулы жұмыс тобын құру мәселесі пысықталып жатыр. Қазақстан төрағалығының үйлестіруімен Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасын дайындау жұмыстары аяқталды. Құжатты әзірлеу 2013 жылы басталған болатын. Бүгін біз Ұйымның оңтүстік шебіндегі қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған осы маңызды шешімге қол қоямыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ҰҚШҰ төрағасы ретінде Қазақстан айқындаған басымдықтар жүйелі әрі қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Серіктестердің қолдауына сүйене отырып, ҰҚШҰ аясында аталған бастамаларды одан әрі ілгерілету ісі белсенді жалғасады.
Мемлекет басшысы Ұйымның Бас хатшысына, ҰҚШҰ-ның Тұрақты кеңесі мен жұмыс органдарына атқарылған ауқымды жұмыс үшін ризашылығын жеткізді.
ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы сессиясы барысында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров пен ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалықтың Қырғыз Республикасына өтуі туралы шешімнің қабылдануымен құттықтап, қырғыз тарапының жауапты міндетті табысты атқаруына тілектестік білдірді.