Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қайырымдылық қорларының жұмысында ашықтық болуы керек екенін айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
«Бұл жерде тәуекелдер бар екенін баяғыдан айтып жүрміз. Жалпы мемлекеттік қаражаттар бойынша да тиісті қорлар бар. Тіпті «Самұрық-Қазынаның» қайырымдылық жұмыстары бойы арнайы қоры бар. Менің ойымша, біз бірінші кезекте квазимемлекеттік ұйымдардың қайырымдылыққа жұмсайтын қаражатын жақсылап тұрып қарауымыз қажет. Менің ұстанымым бюджеттен шығатын қаражат толығымен бақылауда болуы керек. Квазимемлекеттік ұйымдар егер қайырымдылықпен айналысамын десе, ол да жақсы, бірақ мұнда да бірінші кезекте ашықтық қамтамасыз етілуі қажет», — деді депутат Мәжіліс кулуарында.
Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, «Самұрық-Қазына» сияқты ұйымдардан бөлек, бюджеттен тыс әртүрлі қорлар пайда болып кеткен. Депутат Бюджет кодексінің талқылауына осығосы мәселе бойынша тиісті түзетуді бергенін атап өтті.
«Меніңше, мемлекеттің және квазимемлекеттің қайырымдылық жасайтын түрлі қорларын бірінші кезекте есепке алып, олардың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Әрине, жалпы тәуекелдер бар. Оларды саралап, дұрыс шешім қабылдауға тиіспіз», — деді ол.
Тілшілер депутаттың халықтан жиналатын ақша бойынша да пікірін білді.
«Қазақстандықтар көмек беруге әрқашан дайын тұрады. Оны жалпы жауып тастап, тек бір қордан ғана жұмыс істете алмаймыз. Бірақ бұл мәселені реттеу маңызды. Өз басым «жауып тастайық», «тыйым салайық» деген шешімдерге сенбеймін. Өйткені тыйыммен көп мәселені шешу мүмкін емес. Сол себепті реттеу керек. Оны қалай реттеу керегін талқылап, оған ғылыми тұрғыдан қарауымыз қажет», — деді халық қалаулысы.
Асхат Аймағамбетов қайырымдылық ұйымдарының жұмысына қоғам тарапынан бақылау болу керек деген пікірде.
«Ашықтықты қамтамасыз ететін ережелер болуы керек. (…) Бізде қазір көп қайырымдылық қоры бар. Олардың жұмысы ашық, айқын. Мен өзім қайырымдылық бойынша тиісті көмек жасағанда бірнеше қорларды білемін. Олардың сайттарына кіріп, есептерін көріп отырмын. Әр тиынның қайда жұмсағанын көріп отырмын. Сондықтан мен оларға сенемін де, өз көмегімді көрсетемін. Кейбір қорларға сенбеймін. Сол себепті олар арқылы қайырымдылық жасамаймын. Бұл қордың бар екені туралы шын мәнінде менде ақпарат болған жоқ», — деді ол.
Мәжіліс депутаты жақында ұсталған блогер Перизат Қайраттың қоры туралы ақпараты аз екенін айтты.
«Баяғыдан келе жатқан тарихы бар қорларды білемін. Мысалы, Аружан Саинның және т.б. қорларды білемін. Ал бұл қор туралы менде мағлұмат болған жоқ», — деп қысқа қайырды Асхат Аймағамбетов.