«Kazakhmys Energy» 3 млн теңге айыппұл төледі

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаменті прокуратурамен бірлесіп, құрамына «Жезқазған ЖЭО» және «Балқаш ЖЭО» кіретін «Kazakhmys Energy» ЖШС-де өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы талаптардың сақталуына тексеру жүргізді, деп хабарлайды  Qazaq.today Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

Департамент хабарлауынша, тексеру барысында техникалық монометрлер, қысым датчиктері сияқты тексеру мерзімі өткен 40 өлшем бірлігін қолдану деректері анықталды.

Тексерілмеген өлшеу құралдарын қолдану «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабының 1-тармағын бұзу саналады.

«Ұлытау облысы прокуратурасының ұсынысы негізінде департамент қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасады. «Kazakhmys Energy» ЖШС құқық бұзушылық жасау фактісін мойындауына байланысты ҚР ӘҚБтК 811 — бабына сәйкес қысқартылған іс жүргізу тәртібімен 800 АЕК — 2760000 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды», — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта әкімшілік айыппұл толық көлемде төленді. «Kazakhmys Energy» ЖШС қатысты заңның бұзылуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы жссеке ұсыныс шығарылды.

 

Qazaq.today