Kaspi.kz акциялары NASDAQ биржасында 16%-ға құлады

19 қыркүйек күні Kaspi.kz акциялары NASDAQ биржасында бір сәтте 16%-ға төмендеді, деп хабарлайды Qazaq.today сайты “Ұлттық банкке” сілтеме жасап.

Мұның себебі Culper Research зерттеуінің нәтижесі болды, онда компания «АҚШ инвесторлары мен реттеуші органдарды жүйелі түрде адастырды» деген айып тағылған. Компанияның Ресеймен ешқандай байланысы жоқ екенін айтқанымен, Culper Research мәліметінше, Ресей Kaspi.kz-тің өсуіне елеулі үлес қосқан, бұл компанияға екінші деңгейлі санкциялардың қаупін тудырады.

Kaspi.kz финтех тобы Culper Research жобасы жариялаған зерттеу есебіне түсініктеме берді. Бұл жоба «жалған ақпараттар» арқылы қысқа биржалық позициялардан пайда табуға бағытталған деп есептейді олар.

«Бұл қысқа мерзімді биржалық сатылымдардан жылдам пайда табу үшін жасалған әдеттегі спекулятивті шабуыл. Есеп нақты емес, адастыратын және әдейі инвесторларды шатастыруға бағытталған. Біз реттелетін ашық компания болып қала береміз, біздің акцияларымыз 2020 жылдан бері Лондон қор биржасында, жақында Nasdaq-та саудаланады және біз үнемі реттеуші талаптарға сай ақпаратты жариялап отырамыз. Nasdaq-тағы жақында болған IPO кезінде біз жан-жақты заңдық тексерістен өттік. Біз өз өнімдерімізге, есептерімізге, сәйкестік бағдарламалары мен бақылау жүйелерімізге сенімдіміз. Әдеттегідей, біз ұзақ мерзімді стратегиямызға назар аударамыз», — деп мәлімдеді Kaspi.kz басшысы және негізін қалаушы Михаил Ломтадзе.

Естеріңізге сала кетейік, Kaspi.kz мобильді қосымшасы Қазақстандағы жетекші электрондық коммерция, төлем және қаржы қызметтерін қамтиды. Қазақстанда 14 миллионнан астам адам бұл қосымшаны пайдаланады.

26