Белгілі меценат, кәсіпкер Дулат Тастекей қазақ тілін қолдауға 100 миллион теңге бөлді, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі. Ол қаражатты QAZAQ TILI Endowment Qory эндаумент-қорына аударған. Меценаттың көмекшісі Рауан Оқастың сөзінше, мемлекеттік тілді тұрақты қолдау жалғаса береді. Қордың басты міндеті – мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым – «Қазақ тілі» қоғамының тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету.
«Дулат Тастекейді көпшілік қазақ тілінің жанашыры ретінде таниды. Ол өзі басқаратын компанияда қызметкерлердің қазақ тілінде сөйлеуін талап етіп, іс-қағаздарды қазақшалаған. Ал Эндаумент қорының ерекшелігі – қорға жиналған қаржы жұмсалмайды. Қордағы қаражат басқаруға беріледі және инвестицияға құйылады. Инвестициялық қызметінен түскен табыс «Қазақ тілі» қоғамының жарғылық міндеттеріне жұмсалады», -деп түсіндірді Рауан Оқас.
QAZAQ TILI Endowment қорын беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистер мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылайды.
«Ұлттың қуаты – тілінде» демекші, қандай ұлт пен ұлыс болса да, ең басты байлығы – ана тілі. Тілін жоғалтқан халықтың болашағы құрдымға кететіні ащы ақиқат. «Ұлт анасы – тіл» деп тегін айтылмаған. «Сол себепті сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел атанған Қазақстан мемлекетінің нышаны – ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қазығына айналдыру әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті. Мен ел Президенті Қасым- Жомарт Кемелұлының бастамасын қолдап, жаңадан құрылған Qazaq Tili Endowment қорына ASSYLTAS қоғамдық қорынан 100 млн.теңге аударатынымды хабарлаймын. Қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» деген. Демек, қай салада қызмет етсек те, қандай тілді үйренсек те біздің басты байлығымыз қазақ тілі болмақ. Қазақ тілі өлмейді, мәңгі жасайды!», — деді кәсіпкер Дулат Тастекей.
Айта кетейік, 7 желтоқсанда ең алғашқы болып аталған қорға жеке қаражатынан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 млн. теңге аударған болатын.