Көшедегі валюта бағамы көрсетілетін таблолар алынып тасталатын болды

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов шетел валюталарының бағамын көрсететін көшедегі электронды таблолар кезең-кезеңімен жойылатынын хабарлады. Бұл туралы ол бүгінгі брифинг барысында мәлімдеді, деп жазады Qazaqtoday.kz ақпараттық агенттігі.

Сүлейменовтің айтуынша, мұндай таблолар қазіргі цифрлану дәуірінде өзектілігін жоғалтқан.

«Бағам көрсететін таблолар — тоқсаныншы жылдардан қалған анархонизм. Қазір кім-кімнің де қолында смартфон бар, валютаның бағамын бір сәтте біліп алуға болады. Доллар, еуро, тіпті жапон иені немесе дирхамның курсын көру үшін көшеге шығып, тақтайша іздеудің қажеті жоқ», – деді ол.

Ұлттық банк басшысы шетелдің дамыған елдерін мысалға келтіріп, Мәскеу, Париж, Вашингтон секілді ірі қалаларда мұндай бағам көрсететін белгілер мүлдем қолданылмайтынын атап өтті.

«Бізде бұл «ценниктердің» не себепті әлі сақталғаны түсініксіз. Таиланд секілді туристік елдерде ондай болуы мүмкін, бірақ бізде экономика қолма-қол валютамен келетін туристерге емес, ішкі тұрақтылық пен жүйелі қаржы нарығына сүйенуі керек», – деді Сүлейменов.

Айта кетейік, бұған дейін кейбір қаржы секторының өкілдері мұндай шешімге қарсы пікір білдіріп, көлеңкелі ақша айырбастау орындары көбейіп кетуі мүмкін екенін ескерткен болатын. Алайда Ұлттық банк бұл өзгеріс әділетті бәсекелестікті бұзбайды, керісінше — цифрлық шешімдерге жол ашады деген ұстанымда. Сүлейменовтің сөзінше, таблолар тек көшелерден алынады, ал ғимарат ішіндегі айырбастау пункттерінде қалуға рұқсат беріледі.