Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің туғанына – 110 жыл

Фото: YouTube

Бүгін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің туғанына 110 жыл толды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Жұмабек Ахметұлы 1915 жылы Ақмола облысы Аршалы ауданы Бабатай ауылында туған. Ақмола құрылыс техникумын, КОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін бітірген. Экономика ғылымының кандидаты.

1934-1939 жылдары Бейнетқор ауданы атқару комитетінің хатшысы, аудан жер бөлімінің меңгерушісі, 1939-1943 жылдары Ақмола облысы жер бөлімі бастығының орынбасары, 1944-1947 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы партия комитеті хатшысының орынбасары, мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, 1947-1948 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы (1948 — 1952), 1952- 955 жылдары Ақтөбе облысы партия комитетінің 1-хатшысы, 1955-1960 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы, 1960-1961 жылдары Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды.

Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді.

Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында «қазақ ауылын» құрды деп айыпталды. «Қазақ әдебиеті» газетін жабудан аман алып қалды.

«Социалистік Қазақстан» газетін «Казправданың» аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды. Бұл жайында «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығына орай елордада өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда ғалым, профессор, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері Серік Қирабаев былай деп еске алған еді: «Біз газеттің ең бір қиын кезеңдерінде – айтыс пен тартыстың, ұрыс пен диктатураның күшті кезінде қызметке бардық. Мен комсомолдың бір журналының редакторы едім. Қарақұлов деген Орталық партия комитетінің бөлім басшысы шақырып алды да, «Сіз «Социалистік Қазақстанға» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») қызметке барасыз. Редколлегияның мүшесі болып, әдебиет және өнер бөлімінің бастығы боласыз» деді. Сол барған жерде біршама айтыс-тартыс болып кетті. Диктатураның мықты кезі. Ол кезде Орталық партия комитеті кішкене асығыстау жасады – газетті аударма жасау керек деген әңгіме шықты. Сол бастаманы «газет елдікі» деп бөгеп тастаған Жұмабек Тәшенов еді. Сол Тәшеновтердің арқасында газетті аударма жасамай, алып қалдық. Сондай бір қиын кезеңді басымыздан өткердік».

Қоғам қайраткері «ұлтшыл» деп айыпталып, Н.Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды. 1961-1975 жылдары Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. 1975 жылы одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты. Өмірінің соңғы кезеңінде «Қаракөл» ғылыми-зертханалық институтында, Оңтүстік Қазақстан облысы талдау-есептеу орталығында қызмет атқарды.

Ол 1986 жылы 18 қарашада Шымкент қаласында дүниеден өтті. Қала көшелерінің біріне оның есімі берілді, мүсіні орнатылды. Астанада Ж.Тәшенов көшесі бар. Оның қайраткерлігі туралы «Ұлт мақтанышы» деректі фильмі түсірілген.

https://kaz.inform.kz/news/kornekt-memleket-zhane-kogam-kayratker-zhumabek-tashenovtn-tuganina-110-zhil-64dffa/