Павлодар қаласының № 2 соты тұрғынжайға заңсыз басып кіру және жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып зорлық көрсету фактісі бойынша айыпталған сотталушыға қатысты қылмыстық істі қарады. Сот отырысы жабық өтті, заң бойынша істің мән-жайын жария етуге тыйым салынды, деп хабарлайды Qazaq.today облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Прокурор айыпталушы З.-ға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Алайда жәбірленушінің өкілі мен оның адвокаты моральдық зиянның өтелгенін ескере отырып, З.-мен татуласқандарын және оған ешқандай талаптары жоқ екенін жеткізді. Олар соттан бас бостандығынан айыру жазасын қолданбауды сұрады.
Ал сотталушы кінәсін мойындап, әрекетіне өкінетінін айтып, шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды өтінді.
«Сотталушының қылмысты түнгі уақытта масаң күйде және жәбірленушінің еркінен тыс үйіне заңсыз басып кіріп жасағаны, сондай-ақ жәбірленушінің мүгедек екенін пайдаланып, дәрменсіз күйде болғаны ескерілді. Осы факторларды ескере отырып, сот З.-ға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жаза қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеледі», — делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.