Әйгілі Криштиану Роналду дінін ауыстыруы мүмкін

Португалия құрамасы мен Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубында доп тебетін футболшы біраздан бері ислам дініне қызығушылық танытып жүр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Негізінен, Роналдудың исламды қабылдайтыны, яғни дінін ауыстыратыны туралы ресми әрі нақты ақпарат жоқ. Еске салайық, кейбір әлеуметтік желіде оның Меккеде намаз оқып тұрғаны бейнеленген фотолар мен видеолар тараған еді. Бірақ, мұның бәрі жасанды интеллект арқылы жасалған. Сондықтан, шындыққа сай келмейді.

40 жастағы шабуылшы 2023 жылы Сауд Арабиясына көшіп келді. Осы уақыт аралығында оның командаластары Роналдудың ислам дініне қызығушылық танытқанын айтады. Мысалы, «Әл-Наср» клубының бұрынғы қақпашысы Валид Абдулла 2024 жылдың соңына таман Криштиану Роналдудың болашағына қатысты сенсациялық ақпарат таратты. Бұл туралы ол Moroccoworldnews-ке берген сұхбатында егжей-тегжейлі баяндаған.

– Роналду шын жүректен ислам дінін қабылдағысы келеді. Біз бұл туралы көп сөйлестік, оның кәдімгідей қызығушылығы бар. Ол бұрын гол соққан соң сәжде жасаған еді, әрдайым командаластарына намаз оқуға, ислам рәсімдерін ұстануға кеңес беріп жүреді, – дейді ол.

Экс-командаласы әңгіме барысында Роналдудың ислам дініне қатысты түрлі діни рәсімнің мән-мағынасын жиі сұрайтынына да тоқталып өткен.

2023 жылдың мамыр айында «Әл-Шабаб» қақпасына гол салғаннан кейін Роналду сәжде жасап, футболсүйер қауымды таңғалдырған еді. Сәжде жасау мұсылмандардың намаз кезінде орындайтын іс-әрекеті болып саналады.

Биыл Роналду барлық мұсылманды қасиетті Рамазан айының аяқталуымен құттықтап, исламға деген құрметін, қызығушылығын тағы бір дәлелдеген сыңайлы.

– Баршаңызға қасиетті Ораза айт мерекесі құтты болсын! Бұл ерекше уақыт сіздерге және жақындарыңызға қуаныш, бейбіт өмір және бақыт әкелсін! – деп жазған еді футбол жұлдызы.

Бұған дейін Роналдудың әлемдегі ең табысты футболшы болуын жалғастыра түсетінін жазған едік.